Сөз додасына түскенде қаршығадай қомданып жасын жырын түйдек-түйдегімен төгіп жіберетін Сабыржан Ахметовтің жарқын бейнесі айтыс өнерін бағалай білетін қауымның әлі жадында болар. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында қазақ халқының асыл мұрасы — айтыс қайта түлегенде Сабыржанның жұлдызды шағы туды. Жасы жиырмадан енді асқан, бойындағы өнері тау өзеніндей буырқанып тұрған жас жігіт 1985 жылы Екібастұз қаласында өткізілген ақындар айтысында көрерменді талантымен тәнті етті. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп Абай ақын айтқандай, Сабыржанның аузынан шыққан әрі нәрлі, әрі дәмді жыр шумақтары қазақ сөзінің құдіретін сезіндіріп, суырып салма өнердің қазақтың қанында сақталып қалғанын паш етті. Сөзімізге айғақ келтіру үшін айтыскер ақынның өзіне жүгінейік:
— Ақынның айтылмайды бекер әні,
Мәселе көтеретін жетеді әлі.
Әр ғасырда бар Қодар, Қозы-Баян,
Қыз Жібек, Төлеген мен Бекежаны.
Бұл жағдай өнерде де байқалады,
Бір мен емес, талайлар айтар әлі.
Жеткізбей межесіне жүйріктерді,
Тасадан тас лақтырып қайтарады.
Қаралап, күйе жағып асылдарға,
Сұм болмаса қулығын асырар ма?
Сатқындар мен күншілдер болмағанда,
Қақпасы Отырардың ашылар ма?
Тартайық, жасырмайық шындықты алға,
Бірліксіз бұл жалғанда тірлік бар ма.
Қулық, сұмдық, күншілдік күш алғанда,
Іргесі сөгілмейтін бірлік бар ма?
«Алтау араз болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген пайым, пәлсапа — атадан балаға мирас болған өмірлік ұстаным. Қазақ осы ұстанымға берік болса, дау да, жау да алмайды. Айтыста алдаспандай жарқылдаған Сабыржан ақын сонау кеңес заманында рухы жүнжіген, бодандықтан бүгіліп мінез-құлқы ұсақталған қазақты жырымен қайрап, бірін-бірі етегінен тартқыламай бірлікте болуға шақырып, салиқалы ой айтады.
Тақыр жерде шөп өспейтіні белгілі. Олай болса, Сабыржан Ахметовтің өсіп-өнген топырағы туралы сөз қозғайық. Ол 1962 жылы Атырау облысы, Теңіз ауданы Нұржау округіне қарайтын Жамбыл ауылында өмірге келген. Әкесі Нәдірхан, анасы Бәтила өнерден қара жаяу болмаған, әкесінің ағасы Қайыржан ел ішінде шешендігімен танылған. Сабыржан бала күнінен сол кісілерге ұқсап бағып, дауылпаз Махамбет ақынның жырларына, ауыз әдебиетінің маржанына қанығып өскен. 1969 жылы Дәшін ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің табалдырығын аттап, алғыр да зеректігімен ерекшеленіп, өнерге құштарлығымен көзге түседі. 1979 жылы Шымкент қаласына аттанып, сол жылдың күзінде №38 кәсіби-техникалық училищені киномеханик мамандығы бойынша бітіріп, жұмысқа шығады. Алайда сөз өнері сияқты ғашықтық та дертпен тең. Бозбала жігіт сол жақта қызмет істеп жүрген Хабиба Әдиқызын құлай сүйеді. Біздің болжауымызша, Сабыржанның Хабибаны ұнатуына көрікті болуы ғана емес, болашақ жарының ақынжандылығы да себеп болған тәрізді. Хабиба Шәріпова — Екібастұз қаласының тумасы, өлеңдері баспасөзде жарияланған, ұлт мүддесі үшін күрескен жан еді. Сөйтіп, тағдыры айдап Сабыржан да осы шаһардан табылады. Көмір кенішіне жұмысқа орналасып, қаладағы өнерлі қыз-жігіттермен аралас-құралас болады.
— Мен Сабыржанмен 1989 жылы таныстым. Ол 1985-1993 жылдары «Шығыс» кенішінде еңбек етті. Ол уақытта кеніш «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігіне қараушы еді. 1989 жылы бірлестіктің бас директоры Каландаришвили бас болып делегация құрамында ГДР-ға сапар шектік. Сөйтіп неміс жерінде Сабыржан екеуіміз дуэт болып ән айттық. Сабыржан қазақтың домбырасымен ән шырқап, жат жердегі талғампаз көрерменді таң-тамаша етті, — дейді әнші Ибрагим Төртұлов әңгімесінде.
«Бір дос бар кеудеден жан шыққанша» демей ме, Сабыржан мен Ибрагимнің достығы үзілмей, өнердегі жолдары домбыраның қос ішегіндей қатар өріледі. Жалпы, Сабыржан ақынның бабын келтірген жары Хабиба, бағын ашқан Екібастұз қаласы десек, артық айтқандық емес. Соған қарай Сабыржан да өзге ұлттар қалың жайлаған, қазағы аз өңірде өліп-өшуге айналған қазақ өнерін, салт-дәстүрін жаңғыртуға, ұлт санасының оянуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Сол уақытта «Мирас» қоғамын құруға атсалысып, өнерлі жастардың басын біріктіріп «Сана» ансамблін құрады. Ансамбльде әнші Ибрагим, термеші Оразбек, күйші Ғайни, қобызшы Гүлбаршын және тағы басқалары өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленеді.
Екі көзі шоқтай жайнаған, көмейінен жалынды сөз төгілгенде алқа топты өзіне қаратып алатын Сабыржан Ахметов 1992 жылы Алматы қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына Павлодар облысы делегациясы құрамында қатысады. Алаш ұлының сол жолы көп ішінен шоқтығы биік болып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ілтипатын көріп, алғысын естиді.
Қазақ ақынын сыйлаған, қадірлеген халық емес пе. Атаның күші, ананың сүтімен бойына хас өнер дарыған Сабыржанды ел-жұрт алақанында ұстап аялап, еліміздің аймақ-аймағында өнер көрсетті.
— Қазақ мұнайының 100 жылдығы Атырауда тойланды. Сол дүбірлі тойға Павлодар қаласынан өнерпаздар барып, концерт қойдық. Туған жерінің топырағына табаны тигенде Сабыржан тіптен түлеп сала берді. Жерлестерінің де ілтипаты керемет болды. Бізді туған ауылына апарып, қара шаңырағында қонақ етіп, әкесі Нәдірхан қартпен дидарласып, батасын алған едік, — деген танымал әнші Жанна Қарманова Сабыржанның сымбаты, ақжарқын мінезі, ашық даусы, ақындық дарыны — бәрі-бәрі Алланың алқауымен жарасымды, үйлесімді болғанын айтып толғанды.
Жан-жақты қабілетті Сабыржан Нәдірханұлын ел ішінде кеңінен танытқан — ақындар айтысы. Ол көптеген айтыста топ жарды. Солардың кейбірін санамалап айтар болсақ, 1988 жылы Мәшһүр Жүсіптің, 1989 жылы Қаныш Сәтбаевтың мерейтойларына орай ұйымдастырылған республика-лық айтыстарда оза шапты. Ақындар айтысының ақтаңгерлері Қонысбай Әбілов, Ерік Асқаров, Аманжол Әлтаев, Мэлс Қосымбаев, Қуаныш Мақсұтов сияқты ақыңдармен сөз қағыстырып, өзінің мықты екенін дәлелдеді. Ал Павлодар облысы атынан аламан айтыстарда талай мәрте топ жарған ақын Серік Құсанбаев: «Сабыржан — менің ұстазым», — деп әс көтерді.
Айтыстың арғы-бергі тарихын жақсы білетін, жыр сайыстарын үнемі қадағалаған қауымның құлағында Сабыржан ақынның айрықша мақамы мәңгілікке қалды. Ерекше мақам 1988 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 95 жыл толуына орай өткізілген айтысқа қатысуға әзірленгенінде терең толғаныс пен тебіреністен туған-ды. «Жырымда Махамбеттің екпіні бар» деп Сабыржан ақынның өзі айтқанындай, ол мақамнан батыс өңірі жыршы-жырауларының сарыны, яғни, ғасырлар сарыны естілуші еді…
«Тозбасты ұста соқпайды, өлместі құдай жаратпайды». Қасиетті Құран-Кәрімнің Әли Имран сүресінде: «Әркім-ақ ажал дәмін татады» деген. Кеңес заманындағы өліара шақта қайта жаңғырып, Тәуелсіздік таңы атқанда тың серпінмен түлеген айтыс өнерінің аспанында жұлдыздай жарқырап көрінген ақын Сабыржан Ахметов қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып биылғы жылдың 4 наурызында фәниден бақиға аттан-ды. Павлодар қаласында ауруханада ауыр сырқаттан көз жұмған ақын сүйегін туған жеріне жеткізуді аманаттаған екен. «Аманатқа қиянат жоқ» деп білетін дос-жарандары Сабыржан марқұмның соңғы тілегін орындады. Мәйітті Павлодардан Астанаға жеткі-зіп, Атырауға жөнелтерде екібастұздық достары — Жанғали Шайкенов, айтыскер ақын Жұмкен Сейітов, ерлі-зайыпты Нұрболат Иманбердиев пен Мәдина Боранова, Серік Занов, Рамазан Омаров, Ибрагим Төртұлов, Марат Ахаев, Еркін Теміров, Сұлтан Мурсалимов, Беклербек Сыдықалеев, Сағат Қуандықов, Тимур Рамазанов жол үстінде күтіп алып, күйзеле бақұл айтып қоштасты. Елімізге белгілі бизнесмен, меценат Елтай Арбиев тағдыр табыстырған ақын інісін еліне жөнелту шығынын көтеріп, ағалық парызын өтеді.
Ақын қазасын естіген дос-жаран, аға-інілері еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып қайғыға ортақтасқанын да айта кету ләзім. Ақынның жүрген жері думан, ойын сауық емес пе. Түр-сыпаты бүгінгі заманның сал-серісінен аумай қалған Сабыржан ақын көзі тірісінде ел ағалары, қайраткер азаматтар Қажымұрат Нағыманов, Қуат Есімханов, Ерлан Смаилов тәрізді жақсы-жайсаңдармен дәмдес болып, қамқорлығын сезінді. Өмірінің біраз жылын Павлодар қаласында өткізгенінде «Жеті ағайын» фирмасы президенті Бақытбек Ахметжанов қолдау көрсетіп, пәтер сыйлап мәрттік жасады.
— Сабыржан ақын сөзі өткір, топқа салсаң, тіліп түсетін азамат еді. «Ақсұңқар жемін шашып жейді» дегендей, кісілігі кемел, қолы ашық, жігіттің сойы болды. Мірдің оғындай сөздері есте сақталып қалатын. Өз басым Сабыржанның тұщымды сөздерін жұртқа дәріптеп жүрдім. Жасым кіші болса да, аға-іні болып сыйластық. Біздің үйден дәм татып, арқа-жарқа болып отырғанда айтқан бір әңгімесі жадымда қалыпты. Бір жылы Сабыржан пойызбен жол жүреді. Пойыз ішіндегі жолаушыларды саңқылдаған дауыспен салған әні, төкпе жыры баурап, сүттей ұйытып, керемет сый-құрметке бөленеді. Жұрттың ықыласы желпіндірген ақын тамбурға шығып қазақтың кең даласына көз жіберіп тұрса, әудем жерде орнатылған құлпытас көрінеді. Онда: «Ей, жолаушы, көзіңді сал сен маған, Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боласың! Аға сұлтан Ерден Сандыбаев» деген жазу қашалыпты. «Әлгі жазуды оқығанда өмірдің өткінші екенін ойлап, өрекпіген көңілім су сепкендей басылып еді» деп мұңайған-ды Сабыржан ақын. Міне, сол күн туып, ардақты азамат, арынды ақын аманат жанын Жаратқанға тапсырды, — деп тебіренді өнерде үзеңгілес жүрген інісі — екібастұздық Серік Занов әңгімесінде.
Иә, ұлан-ғайыр қазақ даласын ән-жырымен тербеген Сабыржан ақын келмеске кеткенімен, есімі ел-жұрттың есінде қала бермек. Әрі адам ұрпағымен мың жасайды ғой. Артында жары Хабибадан Дәурен, зайыбы Армангүлден Алдияр атты екі ұлы, немерелері қалды. Жары Армангүл Қойшыбайқызы ері Сабыржанның денсаулығы сыр бергенде ұдайы қасында болып, күтіп, ризашылығын алды.
Сөз соңында Ахметовтер отбасына қайғырып көңіл айтып, Сабыржан марқұмның жатқан жері жарық, топырағы жеңіл, иманы кәміл болсын деп тілейміз.
Ж. Жәлелұлы