1953 жылдың күзі. Күн бұлыңғыр. Иығына жол қапшығын ілген өңі жүдеу мосқал адам айдау жолмен жаяулатып келеді. Көңілі күпті. Туған жеріне табаны тимегелі он жылдан асыпты. Туған-туысқанын көруден үміті үзілген шақта «халықтар көсемі» Сталин о дүниелік болып, лагерьдегі тұтқындарға ғайыптан кеңшілік жасалды. Сөйтіп, басына бостандық алып, елге қайтқан беті. Кешқұрым ауыл шетіне ілінгенде қарсы алдынан бір кісі ұшырасып еді, тірі аруақ көргендей көзі шарасынан шығып жылыстай жөнелді. «Мен Қырықбеспін!» — деп бірнеше рет дауыстағанда ғана кері бұрылып, үркектей жақындап, бет-әлпетінен таныған соң құшақтай алды…
Ақкөл-Жайылмадағы Басқамыс ауылын жайлаған қорлыбайлар қазақ даласына кеңес өкіметі біржола орнаққанша дәулетті өміп сүріп жатқан еді. 1929 жылы байлардың мал-мүлкі тәркіленіп, өздері жер аударылады екен деген хабар дүңк етіп, ел ішін үрей биледі. Байсейіт қажы баласы Жүсіп те тәркілеу тізіміне ілікті. «Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» деп бес уақыт намазын қаза қылмаған Жүсіп пен бәйбішесі Зейнеп Бегетайқызы атақоныстан кетуді жөн көрмеді. Жасы отыздан асқан баласы Қырықбес топ жігітпен бірге Омбы жаққа қашты. Жат жерді паналап, із жасырып жүргенде Қырықбеске анасы Зейнептің бақилық болғаны туралы хабар жетті. Анасының жаназасына қатысып, қабіріне бір уыс топырақ салуды парыз санаған ол атқа қонып Басқамысқа келді. Сол уақытта үкімет қызметінде істейтін ағайыны Ырыздықтың Әшімі: «Қырықбесті ұстауға милиционерлер шықты. Сақ болсын!» — деп сенімді адамынан сәлем айтып жібереді. Қызыл жағалылар ауылға сау еткенде, Қырықбес туысының бірі көлденең тартқан атқа ырғып мініп, елді мекенді жағалай өскен қамыс-қопа арасына кіріп кетеді. Ызаға булыққан милиционерлер қамысқа өрт қойып, түтінге тұншыққан қашқынның жағаға шығуын күтіп тұрады. Жан қысылғанда адам айла табады емес пе, Қырықбес қамыс түбіндегі сызды топырақты тырнағының көбесі сөгілгенше жанталаса қазып, басын шұқырға тығып тыныстап, әйтеуір әупірімдеп аман қалады.
Арада тағы бірнеше жыл өтеді. Тәркілеу зобалаңы басылып, ел іші тынышталғанда Қырықбес ағайын арасына оралып, үйленеді. Ерлі-зайыптылар перзент сүймесе де, ес жиып, жұрт қатарлы тірлік кешіп жатқанда 1937-1938 жылдардың нәубеті ел ішін тағы дүрліктіреді. Қанжығалы — Қорлыбайдың бас көтерер бірнеше азаматына нақақтан жала жабылып, «халық жауы» атанады. Иманғазы ұлы Ахметшайық атылады, Иманке баласы Зейнолла 10 жылға айдалады. Ол лагерьде ақкөлдік Әбдіғапар Қозбағаровпен бірге болып, кейін екеуі де елге аман-есен қайтады.
Әңгімемізді ары қарай жалғайтын болсақ, Қырықбес ағайыны Ахметшайық пен Зейнолланың жетімсіреп қалған балаларын бауырына басып, ас-судан тарықтырмайды. Арада тағы үш-төрт жыл өткенде соғыс басталады. Қырықбес Басқамыс ауылынан әскерге шақырылған жігіттермен бірге майданға аттанады. Өкінішке қарай, Қырықбес Жүсіпұлының майдан жолы туралы деректерді іздеп таба алмадық. Сөз басында ол 1953 жылы ауылына қайтып келгенінде жұрттың шошына таң-тамаша болғанын айттық емес пе. Мұның сыры мынада: «1942 жылы жауынгер Қырықбес Жүсіпов соғыста қаза тапты» деген қара қағаз келген екен. Алайда қаралы хабар жаңсақ еді. Жауынгер қанды шайқаста тірі қалып, дұшпан қолына түседі. Одан арғысы түсінікті, фашистер лагерьлерінде азап шегіп, кеңес әскерлері тұтқындарды босатқан соң қайтадан майданға кіріп, Венгрия астанасы — Будапешт қаласын азат ету ұрыстарына қатысады. Соғыс жеңіспен аяқталған соң неміс-фашист лагерьлерінде тұтқында болған жауынгерлерді кеңес өкіметі сүзгіден өткізіп, жаза кескені белгілі. Маңдайының соры бес елі Қырықбес Жүсіпов әскери сот үкімімен 10 жыл мерзімді арқалап, Красноярск өлкесі Норильскде жазасын өтейді.
— Әкем ішкі үреймен өмір сүрді. Кеңес өкіметінен әулетінің, өзінің көрген қорлық-сұмдығы әрдайым жадында тұрған болар. Күйеуінен қара қағаз келген соң әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығып кеткен екен. Адамның адамға жасаған жақсылығы өзіне қайтады деген сөз рас, тұтқыннан жадап-жүдеп оралған әкемді бір уақытта өзі бауырына алған інісі Хамит Ахметшайықов үйіне кіргізіп, әл жидырады. Көп ұзамай әкем Шұға ауылында тұратын, қолында жас баласы Еренғайыпты бағып отырған Ахметқызы Күлкенге үйленеді. Еренғайып ағамыз ер жеткен соң бізге қамқорлық көрсетті. Енді соңынан ерген іні-қарындастары жайлы айтар болсам, 1954 жылдың жазында өмірге сәби келеді. Ол уақытта әкем «Ақкөл» кеңшарының Шұбарқұлындағы егіс бригадасында жұмыс істеп жүреді. Сонда комбайнмен астық орып жүрген Жәкең қожа (Жандарбек ата) нәрестеге анасының әкесі Ахметтің аты аталып жүруі үшін азан шақырып Ахмет деп ат қояды. Бірақ Хамит Ахметшайықовтың анасы Сағынай әже Қырықбестің жасы елуден асқан шағында көрген баласын еркелетіп Елубай деп атайды да, содан солай аталып кетіпті. Елубайдан кейін апам Әзипа, ағам Еламан, одан соң мен туыппын — дейді Жоламан Қырықбесұлы әулет тарихы туралы әңгімелегенде.
1964 жылы Қырықбес Жүсіпов Ақкөл ауылына қоныс аударады. Отағасы кеңшарда әр түрлі жұмыс істейді.
— Әкем жылқықұмар болды. Екі бие байлап, үйде сабадан қымыз үзілген емес. Көрші-қолаң: «Күлкеннің баптаған қымызы балдай» деп мақтап отырушы еді. Әкемнің қолы епсекті болатын. Қораның төбесінде жайғасып отырып, күнұзақ қыл арқан есіп, тұсамыс пен шідер жасап, қамшы өруді ұнатты. Тері илейтін өнері де болды. Жігіт күнінде Басқамыс ауылында Солтан қожаға көмекші болып жылқы баққан екен. Басқамыста қорлыбайлар арасында қожалар көп болған. Солтан қожа, Барлыбай қожа, Әпсаттар қожа — бәрі-бәрі жұртты дінге ұйытқан ғой. Солтан қожа үйінің алдындағы бөрене үстіне қариялар қатар тізіле отырып ескі әңгімені қозғап, балаларға құран сүрелерін жаттатады екен. Сондай тәлім көрген әкем көзі жұмылғанша бес уақыт сәждеге бас тигізіп, Рамазан айында ораза ұстап, Құрбан айтта құрбан шалып мұсылмандық парызын өтеп жүріп, 1976 жылы 6 наурызда 81 жасында бақилық болды. Ал анамыз Күлкен Ахметқызы 86 жыл өмір сүріп дүниеден өтті, — деп Жоламан балалық шақтан есінде сақталған кейбір оқиғаларды баяндап берді.
Сол әңгімелерді тыңдап отырғанда өмірде небір ғажайып оқиғалар болатынына кәміл сендім. Сонау 1941 жылы соғыс оты тұтанғанда Басқамыс ауылынан алдыңғы лекте 8 жігіт майданға аттанатын болады. Әке-шешелері еңіреп жылап-сықтап жатқанда Солтан қожа сегіз жігітті арбаға отырғызып ауыл іргесіндегі Апай зиратына алып барады. Мүлгіген тыныштықта әлгі жігіттердің жаназасын шығарып, «Отан үшін майданда қаза тапсаңдар шейітсіңдер, әйтсе де «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген, соғыстан аман-сау қайтуларыңды тілеп дұға жасап отырамын, алаңсыз аттаныңдар» деп батасын береді. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетелік, Солтан қожа Нұрмұхаммед баласы — әулие Исабек ишанның немересі. Алла Тағала ерекше жаратқан, арғы аталарының қасиеті қонған Солтан атаның аузы дуалы емес пе, тілеуі оң, батасы қабыл болып сегіз жігіттің жетеуі бірінен соң бірі соғыстан дін аман қайтады. Тек солардың ішінен Қырықбес Жүсіповтің қаза тапқаны туралы қара қағаз келіп, туыстары қайғырып аза тұтып, құран бағыштатады. Сөйтіп оны марқұм санап жүргенде сегізінші — Қырықбес те 1953 жылдың күзінде Басқамысқа қайтып келеді.
Айтпақшы, Басқамысқа қайтып келіп көңілі жайланған соң, Апай зиратына барып, сонда жерленген атасы Байсейіт қажы, әкесі Жүсіпке дұға оқытады. Осы тұста сөз болып отырған әулеттің арғы тарихына үңіле кету жөн болар. Шежіресін тарқатсақ, Қорлыбай — Түрке — Итібай — Медеу — Байсейіт — Жүсіп — Қырықбес. Арғы атасы Итібай Ақкөл-Жайылмаға аты әйгілі адам болған. Қылдыкөлдегі «Атам зиратында» жерленген. Сол маңда Итібай соры деп аталатын жер бар. Итібайдың жеті ұлы: Медеу, Демеу, Сүйеу, Болатбай, Санатбай, Темірбай, Өтеген тоғыз көл төңірегінде емін-еркін өсіп-өнген. Ел ішінде бесеуі «Итібайдың бесқасқасы» атанып, ішіндегі қамшыгері Болатбай қорлыбай мен қойлыбай жігіттерінің басын біріктіріп, атақоныстан бәсентиіндерді көшіріп жібергені «Қанжығалылар шежіресінде» хатталып тұр.
Десек те әуелгі әңгімені түйіндейік. Қырықбес Жүсіпов қилы тағдыр кешіп, 81 жасында бала-шағасымен бақұлдасып Ақкөл ауылында өмірден өткенімен, «Боздақтар» кітабында өлілер санатында жүр. Онда былай жазылыпты: «Жүсіпов Қырықбес, қатардағы жауынгер, қазақ, 1899 ж. Басқамыс а-нда туған, әскерге Ақтоғай АӘК-нен шақырылған, 29.12.1942 ж. ұрыста қаза тапқан, Воронеж обл. Михайлов ауд. Пасюковки д-нда жерленген». Бұл да болса біздің кейіпкеріміздің ерекше тағдыр-талайының бір көрінісі деп ойладық.
Биыл Жеңіске — 80 жыл. Жас күнімізде мереке күні соғыс ардагерлерінің орден-медальдарын кеуделеріне жарқырата тағып жүргенін көріп сүйсінуші едік. Кейін ойлап отырсақ, сол ардагерлер арасынан кеңес лагерьлерінде отырып қайтқан жауынгерлерді көруіміз сирек екен. Дұшпан қоршауында қалып, еріксіз тұтқынға түсіп, тағдырлары тас-талқан болған солардың жазығы болмаса да, майдан жолы бүркеулі, беттері шіркеулі ғұмыр кешкені, сый-құрметтен ада қалғаны күйінішті де аянышты. Сұрапыл соғыстың ақтаңдақ парақтары қайта ақтарылып, ағы мен қарасы қайта бағамдалған заманда отан үшін от кешкен азаматтардың да аттары өшпесін деген мақсатпен осы мақала жазылды.
Жассерік Жәлелұлы