Ұста Кәрібайды емдеуі
Менің әкем Кәрібай 1926 жылы аяқ астынан қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Сол кезде ауыл Құмдыкөлде болатын, бүкіл ел біздің ауылды «ұсталар ауылы» деп атайтын, өйткені атам Мәшірап та, әкем Кәрібай да ұсталықпен айналысатын. Әкем сұлық боп әлсіреп төсекте жата берді, нәр де татпады, ішетіні бір-екі қасық су ғана. Атам:
— Қой, болмас, мен Мәшекеңе барып жағдайды айтып, алып келейін, — деп атына мінді де, Мәшһүр атамның ауылы — Ескелдіге қарай шауып кетті. Екі ауылдың арасы 20 шақырымға да толмайды, жақын болатын. Көп уақыт өткен жоқ, іле Мәшһүр атам да пар ат жеккен арбасымен біздің үйге келіп жетті. Амандасты да, әкемнің жанына барып дұға оқып үшкіріп, Мәшірап атама бір жұдырықтай қорғасынды табаға салып жанып тұрған отқа балқыттырып, әкемнің басынан аяғына дейін табамен бірнеше рет айналдырып, жерге кішкене ұра қазғызып, соған құйды. Балқыған қорғасын дөңгеленіп қазылған ұраға судай ағып құйылды да, суыған соң Мәшһүр атам әлгі қорғасынды киізге орап дұға оқып, әкем жатқан төсектің жоғарғы жағына тұмар қып ілгізіп қойғызды. Сосын Мәшірап атама қарап:
— Балаңа көз тиген екен, ештеңе етпейді, жазылады, — деді. Айтқанындай, әкем бірер күн өткен соң беті бері қарап, тәуір бола бастады. Жарықтық Мәшһүр атамның сол емдегенінен кейін әкем еш ауырған емес. Кейін «Сол Мәшһүр атам киізге орап үшкіріп берген қорғасын қайда?» — деп анам Бәтимадан сұрағанда, «Аумалы-төкпелі заманда онда-мұнда көшіп жүріп жоғалтып алдық қой, өзім де соған әлі күнге дейін өкінем», — деп еді.
Ой бойы сапары
Мәшһүр атамыз бір жылдары Ой бойына сапарлап барған ғой (Павлодар облысының төменгі жағын Баян елі ертеде Ой бойы деп атайды екен — автор). Атамызды ол жақтың игі-жақсылары құрметтеп қарсы алады, күнде бір үй мал сойып, қонақ етіп күтеді. Содан осы елдің ауқатты бір байы Мәшекең атамызға сәлем бере келе:
— Сізді бір кездестіре алмай жүр едім, ертең менің үйіме шақыра келдім, бір дәм таттырып, батаңызды алсам деп едім, — дейді. Мәшекең атамыз:
— Жақсы, ертең Алла жазса барып қаламын, — деп уәделесіпті. Әлгі бай бір малын сойып қарсы алып, Мәшекең атамыздың алдына бар дәмін жайып күтеді. Астан соң әлгі бай бата тілегенде Мәшекең атамыз қысқаша ғана мынадай бата беріпті: «Ынсапты таупық берсін». Бұл қысқа батаға әлгі байдың көңілі толмай: «Мәшеке, сізді әдейілеп дәмге шақырып, бір ұзақ бата аламын ба?» деп едім, мына батаңызға көңілім толмай отыр», — деген ғой, сонда Мәшекең: «Ал ендеше саған Алла нысапсыз таупық берсін», — депті. Кейін бай кәмпескеге ілініп, мал-мүлкі талан-тараж боп, өзі жер аударылып кеткен екен.
Мәшһүр аузының дуалылығы туралы бірер сөз
Жәпектің Сүлеймені деген азаматты Мәшһүр жақсы көреді екен. Сүлеймен кеңес өкіметі орнаған жылдары болыс (Ревком) мүшесі болыпты. Сүлейменнің бәйбішесінен бала болмаған. Сөйтіп жүріп Сүлеймен тоқал алып, сол тоқалдан бала туған.
Мәшекең бір жақтан келе жатып әлгі Сүлейменнің ауылына соқпақ болады. Ауылға жақындағанында алдынан Сүлеймен шығады. Амандық-саулықтан соң: «Иә, кішкентайлы болыпсың, қайырлы болсын, бірақ атын Қазыбек деп қойған екенсің, ол әруақты ат қой, балаң көп жасамайды, мен саған бір бала берейін, атын Сағидолла қоярсың, өмір жасы ұзақ болады», — депті Мәшекең. Айтқанындай, Сүлейменнің Қазыбек деген баласы алты айлығында өледі де, бір жылдан соң екінші ұл туады, атын Сағидолла қояды. Сол Сағидолла бүгінге дейін Баянауылда тұрады.
Жұқаш Кәрібаев ақсақалдан жазып алған: Абай Шарапиев, 2001 жыл.