Қаламызда жұмысшы мамандықтардың жылына орай ұйымдастырылған игі істер легі жалғасып келеді. Солардың бірі — Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған «Skillz Jastar: мамандықтар көрмесі». Аталмыш шара «Maxi Mall» сауда орталығында өтті. Көрмеге түрлі бағыттағы кәсіп иелері мен жергілікті шеберлер қатысты.
Көрме басталысымен-ақ сауда орталығының алаңын әсем гүлдер мен тоқылған бұйымдардың хош иісі мен жылы шуағы баурап алды. Шарада әрбір шебер өз туындыларын ұсынып қана қоймай, келушілерге шеберлік сағатын өткізіп, шығармашылық жұмыстың нәзік те күрделі қырларын бөлісті.
Көрменің көркін кіргізіп, көпшіліктің ерекше назарын аудартқан қолөнерші — Айман Ашымбек. Ол сабыннан гүл жасау ісімен айналысып, өнер мен тұрмыстық пайданың керемет үйлесімін көрсетіп жүр. Шебердің айтуынша, бұл бұйымдар тек сырт келбетімен ғана емес, қолданылуы жағынан да тиімді.
— Бұл гүлдер солып қалмайды, ұзақ уақыт сақталады. Кейін сабын ретінде қолдануға болады. Гүл нәзіктіктің, сұлулықтың символы ғой. Сол себепті осы іске ынтам ерекше. Жасаған кезде бар уақытың мен назарың сол жұмыста болады. Дайын формаларды әдемілеп құрастырып, желіммен біріктіремін. Бір букетке шамамен 1-2 сағат кетеді. Бұл іс төзімділік пен дәлдікті қажет етеді, — дейді ол.
Қолөнер — тек ермек емес, кәсіп. Айман бұл бағытта тапсырыс қабылдап, өз ісін дамытуда. Оған сұраныс күн санап артып келеді. Көрмеге келген жастар шебердің жұмысына тамсанып, өз қолымен гүл жасап көруге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, шараға қатысқан Наталья Ревягина шілтерлі матамен жұмыс істеп, көздің жауын алатын бұйымдар жасайды. Көп жыл мұғалімдік қызметте еңбек еткен ол денсаулығына байланысты кәсібін өзгертуге мәжбүр болған. Алайда бұл өзгеріс оны жаңа бір шығармашылық әлемге жетеледі.
— Қолмен тоқу — жай ғана кәсіп емес, жанның емін табатын тыныштық. Қарапайым әдістермен де, арнайы машинамен де тоқи аламын. Бұйымдарымды қала тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден де тапсырыспен алады, — дейді шебер.
Наталья көрмеге өз қолымен тоқылған бұйымдарын ала келіп, жастарға тоқыма ісінің ерекшеліктері жайлы кеңінен түсіндіріп берді. Ол үшін бұл іс — табыс көзі ғана емес, жанына жақын, жүрек қалауымен жасалатын сүйікті іс.
Көрмені тамашалауға келген қатысушылар шеберлердің туындыларын қызыға тамашалап, өз көздерімен көріп, тіпті тапсырыс беріп жатты. Кейбіреулері қолөнер бұйымдарын сатып алып, өзгелері үйреніп көргісі келетінін айтып, кеңес сұрап жатты. Шара соңында жастар орталығы мамандары жұмысшы мамандықтар жылына арналған шараға үлес қосқандарға алғысын білдіріп, сыйлықтар табыс етті.
Ділназ Серікбай
