8 сәуір күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында мектеп оқушылары арасында кітап оқудан «Қаныш және ғылыми майдан» атты сайыс өтті. Тағлымды шара ұлы ғалым, тау-кен инженері, геолог және Қазақстан ғылымының негізін қалаушы академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми мұрасын насихаттауға арналды.
Сайыстың салтанатты ашылу рәсімі «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің қабырғасында өтті. Шараға «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының авторы, шығыстанушы Санжар Керімбай және Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданы білім бөлімдерінің өкілдері, ардагер ұстаздар құрметті қонақ ретінде қатысып, жас оқырмандарға рух берді.
Сайыста Екібастұз және Баянауыл өңірінің 50-ге жуық кітапқұмар оқушысы білім таластырды. Байқау үш негізгі кезеңнен тұрды: әр кезең бір-бірімен логикалық және мазмұндық тұрғыда сабақтасып, оқушыларды Қаныш Сәтбаевтың болмысын жан-жақты тануға жетеледі.
Алғашқы «Белес» деп аталатын іріктеу бөлімінде қатысушылар Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы мен ғылыми еңбектеріне қатысты тест сұрақтарына жауап беріп, кітапты қаншалықты терең әрі жан-жақты меңгергендерін көрсетті. Сұрақтар тек мәтін мазмұнымен шектелмей, тарихи деректер мен ғылыми контекстерді қамтыды.
Одан кейінгі «Таным» кезеңінде қатысушылар жария сұрақтарға ауызша жауап беру арқылы Қаныш Сәтбаев тапқан кен орындары, оның ғылым мен мемлекет дамуына сіңірген еңбегі, ғалымдар және қайраткерлермен қарым-қатынасы жайлы білімдерін паш етті. Бұл кезеңде олардың логикалық ойлау қабілетімен қатар, ойын жүйелі жеткізу шеберлігі де бағаланды.
Ең жоғары ұпай жинаған 10 үздік оқушы «Аманат» атты шешуші кезеңге жолдама алды. Бұл кезеңде сайыскерлерге Қаныш Сәтбаев жайлы бейнесұрақтар беріліп, соған байланысты ой-толғау жазу тапсырылды. 15 минут дайындалған оқушылар сахнада 3 минут ішінде өз тұжырымдарын қорғап шықты. Бірі ғалымды темірдей тәртіптің, енді бірі ұлттық рух пен білімнің символы ретінде сипаттады.
Ақтық кезең «Самғау» шығармашылық орталығында өтті. Шара барысында «Зерде» лицей-мектебінің оқушылары ғалым сүйіп оқыған туындылардан үзінді оқып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Шараның қонағы — «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбай өз сөзінде Қаныш Сәтбаев туралы еңбегін жазу барысында жинаған деректер мен ғылыми материалдарды негізге ала отырып, ғалымның ұлт тарихындағы орны мен ғылыми мұрасының ауқымына тоқталды. «Қаныш Сәтбаев — ғалым ғана емес, туған халқына адал перзент болған тұлға. Оның ғылыми ізденістері мен еңбектері қазақ даласында тұтас рухани серпіліс туғызды», — деп атап өтті ол.
Байқау соңында қатысу-шылардың білімін қазылар алқасы бағалап, үздіктерді анықтады. Қорытындысында І орынды (100 мың теңге) «Зерде» лицей-мектебінің 9 «Б» сынып оқушысы Інжу Амантай жеңіп алды. II орынды (60 мың теңге) осы мектептің 9 «Б» сынып оқушысы Нұрлан Қадырхан иеленсе, III орын (40 мың теңге) №26 мектептің оқушысы Дариға Еркінге табысталды.
Рухани шараға мектеп түлегі, меценат Мереке Байжан мен «Гидропром» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Исламбек Құлтұманов демеушілік көмек көрсетті. Сонымен қатар, «Иртыш Интер фуд» ЖШС директоры Сәкен Әмренов пен жеке кәсіпкер Диас Қали ұйымдастыру жұмыстарына қолдау жасады.
Ділназ Серікбай