Қазіргі қоғамдағы технологиялардың қарқынды дамуы, әсіресе, интернет пен жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуы халық үшін жаңа қауіптер тудырып отыр. Атап айтқанда, интернет алаяқтарының саны артып тұр. Осыған байланысты, Екібастұз қаласы полиция басқармасының қылмыстық полиция бөлімі бастығы, полиция подполковнигі Азамат Токумов интернет алаяқтықтығына қарсы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Азамат Токумовтың айтуынша, соңғы уақытта қала тұрғындары интернет-алаяқтықтың құрбанына жиі айналуда. Алаяқтар көбінесе телефон арқылы қоңырау шалып, өзін ҚазПошта немесе ұялы байланыс операторының қызметкерлері ретінде таныстырып, тұрғындардан SMS-код сұрайды. Олар «сәлемдеме келді» немесе «SIM-картаңыздың мерзімі аяқталды» деп, есепшотқа қол жеткізуді мақсат етеді. Полиция қызметкерлері мұндай қоңырау кезінде кодты ешбір жағдайда жібермеуге және дереу полицияға хабарлауға кеңес береді.
Сонымен қатар, WhatsApp мессенджерінде де жалған сілтемелер таралуда. Бұл сілтемелер арқылы алаяқтар адамдардың аккаунтарына кіріп, таныстарынан ақша аударуды сұрайды. Токумовтың айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін WhatsApp қолданушылары өздерінің аккаунттарын бақылап, барлық белсенді құрылғылардан шығуы керек. Бұл шара алаяқтардың жеке деректерге қол жеткізу мүмкіндігін азайтады.
— Интернет алаяқтықтың кең таралған тағы бір тәсілі — онлайн-сауда алаяқтықтары. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен интернет-дүкендерде қымбат смартфондарды немесе басқа да электронды құрылғыларды арзандатылған бағамен сатамыз деп жарнама жасаған алаяқтар көптеп кездеседі. Көп жағдайда бұл алаяқтар адамдардан алдын ала төлем алып тауарды жеткізбейді немесе мүлде жоғалып кетеді. Осыған байланысты, тұрғындар заттарды тек сенімді және ресми интернет-дүкендерден сатып алу керектігін ескеруі тиіс, — дейді Азамат Токумов.
2025 жылдың алғашқы үш айында қаламызда 61 алаяқтық оқиғасы тіркелген, оның 51-і интернет алаяқтыққа қатысты. Бұл жағдай қала тұрғындарының, әсіресе, 40 пен 49 жас аралығындағы әйелдердің алдауға жиі ұрынатынын көрсетті. Алайда соңғы жылдары полиция қызметкерлері бұл қылмыстарды ашуда белсенді жұмыс жүргізуде. Мысалы, ағымдағы жылы Астана қаласының тұрғыны 29 миллион теңге көлемінде алаяқтық жасағаны үшін ұсталды. Қазіргі таңда қалада киберқылмыстарды тергеу бөлімшесі құрылып, интернет алаяқтықты ашуға бағытталған жұмыстар күшейтілген.
Полиция қызметкерлері интернет алаяқтық түрлері мен олардан сақтану жолдары туралы үнемі ақпарат таратып, тұрғындарды сақ болуға шақыруда. Осы мақсатта қалада түрлі семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындарға әлеуметтік желілерде қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығы түсіндіріледі. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері ақпараттық роликтер мен жарнамаларды таратып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шараларды іске асыруда.
Ділназ Серікбай