Қалалық коммуникациялар қызметінде болған брифингте өрт тәуекелі жиі туындайтын жазғытұрым маусымға дайындық сөз болып, төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асхат Құсайынов өңірде жүргізіліп жатқан алдын алу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету шаралары туралы мәлімет берді.
Маманның айтуынша, 2024 жылдың қауіпті кезеңінде қала аумағында дала өртінің 8 оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда аз — 2023 жылы 34 хабарлама түсіп, 23,5%-ға жоғары болған. Айта кетерлігі, биылғы жылы дала өрттерін сөндіруге қалалық өрт сөндіру бөлімшелері тартылмаған. Бұл жергілікті деңгейде жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижелі болғанын білдіреді.
Қазіргі таңда қала аумағында 5 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. 2024 жылдың қараша айында қысқы маусымға дайындық аясында олардың техникалық жағдайы толықтай тексерілген. Сонымен қатар, ауылдық округтердегі өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында 31 наурыз күні Ақкөл және Шиқылдақ ауылдық округтеріне ЗИЛ және КамАЗ өрт сөндіру көліктері берілген.
Бүгінгі күні Екібастұз өңірінің ауылдық округтерінде 11 ерікті өртке қарсы құрылым (ДПФ) жұмыс істейді. Оларда жалпы саны 172 адам бар. Дегенмен көптеген елді мекендерде бұл құрылымдардың құрамы 12 адамнан аспайды. Осыған байланысты мамандар ДПФ құрамын кемінде 16 адамға дейін ұлғайтуды және оларды алғашқы өрт сөндіру құралдарымен толық жабдықтауды көздеп отыр.
— Өрт және жану жағдайлары тіркелген жағдайда олардың себептеріне қарай тергеу амалдары жүргізіледі. Егер кінәлі тұлғалар анықталса, олар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, өрт шыққан жер телімдерінің нақты иелерін анықтау мақсатында спутниктік мониторинг әдісі де қолданылып келеді, — дейді Асхат Құсайынов.
Брифингте 2024 жылы іргедегі Баянауыл ауданында орын алған ірі дала өрті туралы да айтылды. Аталған оқиға кезінде 45 мың гектар жердегі шөп алқаптарын от шарпыған. Өртті сөндіру барысында 6 адам зардап шеккен: олардың үшеуі — ТЖД қызметкері (біреуі қаза тапты, екеуі ауруханаға түсті), ал қалған үшеуі — ерікті құрылым өкілдері. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Осыған орай, мамандар азаматтарға өрт белгілерін ерте анықтап, дереу өрт сөндіру қызметіне хабарлау қажеттігін ескертуде. Дала өрттерін болдырмау мақсатында жергілікті жерде профилактикалық шаралармен қатар, материалдық база да нығайтылуда. Атап айтқанда, биыл Екібастұз қаласының әкімдігі тарапынан 15 өртке қарсы ранцалық бүріккіш, 7 мотопомпа және 14 заманауи радиостанция сатып алынған. Бұл техника даладағы өртті жедел сөндіруге, суды үздіксіз жеткізуге және түрлі қызметтердің өзара іс-қимылын тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.
Ділназ Серікбай