Ғалымжан Мақашұлы 1923 жылы Баянауылдың 19-шы ауылында туған. Баянның мектебін бітіргесін, Павлодардың педучилищесіне барып түседі. Сол жерде ақын Мұзафар Әлімбаевпен бірге оқыған.
Соғыс басталғасын, 1941 жылдың желтоқсанында әс-керге алынып, зайыбы Бәзила — Бәзкенмен Алматының жаяу әскер училищесіне жіберіледі.
Бірақ уақыт талабына сай, оны бітірместен майданға аттанып, №7 дербес гвардиялық Қызыл тулы Новгород-Берлин ауыр танк полкіндегі барлау взводы командирінің орынбасары болады. Майданда гвардия сержанты бола жүріп III дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Советтік Поляр шеңберін қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан соң Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде бөлім меңгерушісі, Куйбышев аудандық (қазіргі Ақтоғай ауданы) «Социалистік еңбек» газетінің редакторы, Баян-ауыл ауданында партия-кеңес қызметінде болған.
Мейрамның айтуынша, әкесі Ғалымжан тек Мұзафар ақынмен ғана емес, жазушы Әзілхан Нұршайықовпен де достық қарым-қатынаста болған екен. Мейрам айтады:
— Әкем «Қызыл ту» газетінде Әзекеңмен бірге қызмет істеген. Сол кісілердің құлағымда қалған бір әңгімелері болатын. Ол кезде партия бақылауы күшті ғой, Әзекеңнің бір мақаласы жөнінде мәселе туындап, аздап қысым көрген секілді. Павлодардан Алматыға кетіп қалуына да сол себеп болды ма екен, әйтеуір солай деп отыратын әңгімелерін құлағым шалған.
Соғыстан кейінгі бейбіт уақытта біздің үй Мұзағаңмен де, Әзекеңмен де отбасы болып қатты араласты. Әкем мен анам жыл сайын курортқа барады, Алматыға соғады. Әзекең мен Мұзағаңның үйінде апталап жататын. Үшеуі де құрдас және үшеуі де майдангерлер, бір облыстың тумалары.
Біз ол кезде Баянауылда тұрамыз. Әкем аудандық партия комитетінде қызмет істеп жүрді де, XXI партсьезд атындағы совхозға (бүгінгі Ұзынбұлақ ауылдық округі) партия ұйымының хатшысы болып ауысты. Совхоздың жаңа ашылып жатқан кезі еді. Жұмыс күші жетіспейді. Әкем тыным көрмей, Ресейдің Новосібір, Алтай өлкесінен көптеген отбасын көшіріп әкелгені бала болсам да есімде.
Сол 1969 жылы анамның аяғы ауыр болатын. Жаңа құрылып жатқан совхозда медициналық қызмет әлі қалыптаспағасын ба, әкем анамды Алматыға Мұзафар Әлімбаевтың үйіне апарып тастағаны есімде. Сол жақта екі егіз бауырым дүниеге келді. Есімдерін Арнұр, Жаннұр деп қойыпты. Осылай қойып жүрген Мұзағаңның өзі болса керек. Себебі, бала болсам да үлкендердің әңгімесін құлағым шалып жүреді, Мұзафар ағамыздың екі баласының есімдері сондай екен. Кейін естідік, Әзілхан ағамыздың да сондай аттас балалары бар деп. Әкеміз бізге бұл жайлы көп әңгімелей қоймайтын, бәрін шешемізден естиміз ғой. Кейін Әзекең үйге келіп қона жатып, өзінің «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітабын менің Сәуле деген әпкеме қолтаңба жазып ұсынғаны есімде…
Бүгінде Арнұр бауырым арамызда жоқ, дүниеден озған. Жаннұр інім — қазір Баяннның Жұмат Шанин атындағы ауылында, алты баласы бар ордалы отбасы, сол жердегі қара шаңырақтың иесі болып отыр.
Осы сәбилерге ат қою оқиғасы жөнінде Әзілхан Нұршайықов «Балаларға ат қойдық» деп мынадай өлең арнаған екен:
Балалар аты мағыналы
Болсын деп біз ойладық.
Жанна, Артур, Лаура деп
Шетелдік есім қоймадық.
Атадық Жанар тұңғышты,
Көз жанарымыз болсын деп.
Жаннат деп қойдық одан соң,
Жанға рахат толсын деп.
Арнұр деп ұлды атадық,
Арымыздың нұры деп.
Інісін Жаннұр деп қойдық,
Жанымыздың жыры деп.
Біз қойған аттар ұнады
Дос-жаранның бәріне.
«Жөн екен!» деп құптады
Бас изеп жас, кәрі де.
Мұзафар — Шапау досымыз,
Рұхсат алды үйге кеп.
Ұлдарына ат қойды
Олар да Арнұр, Жаннұр деп.
Керекуде Бәзилә,
Ғалымжанның әйелі.
Балпанақтай екі ұлды
Дүниеге әкелді.
Егіздерге Арнұр мен,
Атын қойды Жаннұрдың.
Жанар, Жаннат аталды,
Қыздары тегіс ой-қырдың!
Осы өлең жолдарына қарап, Мейрам бауырымыздың айтқаны еш қатесіз екенін түсіндік. Өз өңірімізден шыққан қаламгерлер жайлы бұл да бір тарих.
Ғалымжан Мақашұлы мен Мұзағаңның қиыспас дос болғанын мына бір өлең жолдарынан аңғаруға болады. Ғалымжан досы өмірден озғанда, Мұзафар Әлімбаев мынадай өлең жолдарын арнаған екен. Бұл өлең ақынның «Сүймеген жүрек семеді» атты кітабына «Ғалымжан Мақашев ескерткішіне» деген атаумен кіріпті.
Бұлдырап көзім алды неғып кетті,
Жүрегім соқпағандай талып кетті.
Қара бұлт қабағымды жауып кетті,
Ып-ыстық көзден жасым тамып кетті.
Аш қасқыр хас жүйрікті жарып кетті,
Аулымды оқыстан жау шауып кетті.
Топан су егінімді шайып кетті,
Табаным тау басында тайып кетті.
Тағы да қыбын атуып шалып кетті,
Ажал сұм жан досымды алып кетті! — дейді.
Сайлау БАЙБОСЫН
