Бүгінде тәуелсіз ел ретінде тарихымызды қайта таразылап, өткенімізді зерделеп, руханиятымызды жаңғырту үстіндеміз. Десе де өскелең ұрпақ тәрбиесінде назар аударатын жайттар баршылық.
Екібастұз — Сарыарқа жеріндегі қанат жайып келе жатқан келешегі зор қалалардың бірі, мұнда ауылдық округтерді қоса есептегенде 150 мыңға тарта халық тұрады.
Құдайға шүкір деп айтайық, бүгінде халықтың әлеуметтік жағдайы түзелген, жұмыс орны жетерлік, тұрғын үйлер салынып, кәсіпорындар ашылып жатыр.
Руханиятымыз гүлденіп, өнер ошақтары жұмыс істеп тұр. Бір ғана әттеген-айы: қаламызда халық театры жоқ. Театрдың ел өнерін насихаттаудағы орнының ерекше екені әркімге аян.
Сонау заманда: тұңғыш рет Қазақ АССР-і, кейін Қазақ Республикасы болып бөлінгенде, Жұмат Шанин бастаған зиялыларымыз бірден театр ашу мәселесін қолға алған. Бүгінде үлкен қалаларды айтпағанда, кей өңірлердегі аудан орталықтарының өзінде халық театрлары жұмыс істеп тұр. Мысалы, Ақмола облысындағы Қорғалжын ауданында, Түркістан облысындағы Жетісай ауданында, т.б. аудандарда театрлар бар. Екібастұзда театр құрылса, оның жұмысын өрге бастыратын дарынды жастарымыз да жоқ емес. Театр мәселесінің әбден пісіп-жетілгеніне жергілікті өнерпаздардың былтыр қойған «Бір түп алма ағашы», биылғы «Танакөз» қойылымдарында көзіміз жетті.
Алдағы уақытта аймақ билігі «Өнер» мәдениет сарайының жанынан бір халық театрын ашуға ықпал етсе, ұлттық өнерімізді ұлықтауға көп көмек болар еді. Және бұл тарихи оқиға болары анық.
Жұмажан Паруов, «Екібастұз билер алқасының» төрағасы