8 сәуір күні қала әкімдігінде санитарлық тазалық және абаттандыру мәселесі қаралған мәжіліс өткізілді. Мәжіліске қала құраушы кәсіпорындар, мемлекеттік органдар, коммуналдық қызметтер басшылары қатысты. Қала әкімінің орынбасары Қаныш Әділжанов тазалық айлығының мақсаты мен міндеттері туралы қысқаша айтып, сөз кезегін ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің сектор меңгерушісі Мәди Зайкенге берді.
Қала әкімінің өкімімен 1 сәуір — 1 мамыр аралығында Екібастұз өңірінде санитарлық тазалық және абаттандыру айлығы өткізіледі. Бұған қоса екібастұздықтар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсене қатысқалы отыр. Сонымен қатар, акция аясында жарияланған бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні жаппай тал-терек егу де жоспарланған. Сол күні ағаш отырғызуға ниетті адамдарға 5 мың түп жас шыбық таратып беру көзделіпті.
Енді сенбіліктерге қатысты айтар болсақ, қала аумағы кәсіпорындар мен ұйымдарға, қала әкімдігі бөлімдеріне бөлініп бекітілген. Қоқыс шығаруға қажетті техникаға өтінім беруге болады. Техника «Проммашкомплект» кәсіпорны алаңында шоғырланады. Сенбіліктерге орта және шағын бизнес өкілдері мен ауылдық округтер тұрғындары да кеңінен қамтылуы тиіс. Тазалық жұмыстарының сапалы атқарылуын ТҮКШ бөлімі бақылауға алады.
Сүйікті шаһарымыздың таза әрі көрікті болуы бәріміз үшін маңызды. Олай болса, екібастұздықтар тазалық айлығында бір адамдай жұмыла еңбектеніп, патриоттық танытады деп сенейік.
Ж. СӘДУАҚАС