Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Нұрғазы Жамшитов әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін салынатын айыппұлдарды өндіріп алу мәселесі туралы баяндады.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қалада әкімшілік айыппұлдардың жалпы берешек сомасы 16 миллион 398 мың теңгені құрап отыр. Бұл соманың тек 65,7%-ы ғана ерікті түрде өтелген, ал қалған бөлігі сот орындаушылары арқылы мәжбүрлеп өндірілуде.
Айыппұлдар көбінесе жол қозғалысы ережелерін бұзу (жылдамдықты арттыру, рұқсат етілмеген жерлерге көлік қою), қала аумағын абаттандыру және санитарлық талаптарды сақтамау, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті бұзу (мас күйінде қоғамдық орындарда жүру, ұсақ бұзақылықтар) үшін салынады. Алайда айыппұлдарды өндіріп алу барысында бірнеше күрделі мәселе туындап отыр. Олардың қатарында азаматтардың айыппұлдардан қасақана жалтаруы, сот орындаушыларының шамадан тыс жүктемесі және азаматтардың айыппұлдар туралы хабарламаларды уақытылы алмауы немесе оларды елемеуі бар. Бұл факторлар өндіріп алу процесін баяулатып, құқықтық тәртіпке кедергі келтіреді.
Осыған байланысты, аталған жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция бөлімі бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасу жүйесі жетілдіріліп, айыппұлдар туралы хабарламалар SMS-хабарлама, мобильді қосымшалар мен eGov порталы арқылы жолдануда. Сонымен қатар, азаматтарға айыппұлдарды онлайн төлеу мүмкіндігі қарастырылып, төлем жасау процесі жеңілдетілді. Айыппұлдан жалтарған тұлғаларға қатысты шектеу шаралары қолданылуы мүмкін, оның ішінде шетелге шығуға тыйым салу, көлік құралдарын тіркеуден шығару және мүлікке тыйым салу сияқты шаралар бар.
Мамандар барлық азаматтарды әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеуге және салынған айыппұлдарды уақытылы төлеуге шақырды. Бұл — құқықтық мәдениетті қалыптастырудың, қоғамдық тәртіпті нығайтудың және мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуінің маңызды кепілі.
Ділназ Серікбай