2025 жылдың 31 наурызында Павлодарда «Senat open — 2025» ашық кубогының 2-ші іріктеу кезеңі өтті. Іс-шараға облысымыздың 3 қаласы мен аудандарының депутаттары, мемлекеттік қызметшілері, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Біздің қаламыздың намысын жетінші шақырылымның депутаты Рустамжан Мамаджанов, еңбек ардагерлері Владимир Колесников, Николай Мякинький, Леонид Слюсарь, мемлекеттік қызметші Әмірғали Ахметов, БАҚ өкілдері Ермек Балтабаев, Асқар Сәкенов пен қоғамдық белсенді Андрей Алексеев қорғады.
Бұл жолы да кенді қаланың намысын қорғаған ойыншыларымыз шеберліктерін көрсетіп, қарсыластарынан айқын басымдықпен алға шықты. Бірнеше партия нәтижесінде біздің шахматшылар бірнеше жүлделі орындарға ие болды.
138 қатысушының арасынан суырылып шыққан жерлестеріміз Асқар Сәкенов пен Андрей Алексеев іріктеу кезеңінің «Үздік шахматшылары» атанды. Ал командалық есепте Екібастұз І орынды иеленді.

Алдағы уақытта жартылай финал Көкшетау қаласында өтеді. Оған Павлодар облысының атынан 35 жеңімпаз қатысады. Облыс командасының құрамындағы жерлестерімізге сәттілік тілейміз.
А. АХМЕТ