Ертеде бауыр елі бойында Қанжығалы руының бір 50 жас шамасындағы Құлбай деген ауқатты ел ағасы өмір сүріпті. Бір күні Мәшекең дәм жазып сол Құлбайдың ауылына келеді. Ауылына келгенін естіп, Құлбай да өзінің бабаларымен сыйлас болған Мәшекеңе құрмет көрсетіп, үйіне дәмге шақырады. Дастархан басында Құлбай Мәшекеңе өзінің намаз оқу білмейтінін, дін сабағынан еш сауаты жоқтығын, адамдар қайтыс болғанда жаназасын шығарарда өзі құралыптас діннен хабары бар замандастары сапқа тұрып иман айтып жатқанда, Құлбай ешбір діни рәсімдерге қатыса алмай қысылатынын, дәулеті болса да зеректікті Алла бермегенін, орта жастан асқанда енді не істеу керектігін білмей дал болып жүргенін, молдалардан «бұған не амал жасау қажет?» деп сұраса әрқайсысы әр түрлі жауап беретінін, қалған ғұмырында осы олқылықтарын немен толтыратынын қинала отырып айтып, сауал қояды. Сонда Мәшекең: «Ақ пен қара түсті қойларың бар ма?» — деп сұрайды. Құлбай: «Әрине, бар ғой», — деп жауап береді. Мәшекең: «Ендеше күн сайын дәретіңді үзбей алып, былай деп шамаң келгенше тақпақтап бірнеше рет айта бер, қалған ғұмырыңда әліпті таяқ деп білмейтін сен сияқты байғұсқа намаз, шариғат үйрену деген –болмайтын қиын шаруа, оттаған дүмше молдасымақтар былшылдай берсін, олардың сәуегейлігін еш көңіліңе алма», — депті. Сондағы Мәшекеңнің күн сайын айта бер дегені:
«Ақ қойдың кеудесі, қара қойдың кеудесі.
Мен құдайдың пендесі, Лә илаһа илла
Алла!»
«Тек қана мұны әрбір қайталағанда жүрегің баланың көңіліндей таза болсын. Осы өсиетімді мұқият орындасаң, 90-ға келіп, ораза уақытында еш қиналмай жұма күні қайтыс боласың. Бұл айтқаным дәл келмесе, менің сәлемімді алма да, Мәшһүр атымды атама!» — депті. Құлбайдың бабалары заманында ақкөңіл, мырза, ешбір адамға зияны жоқ қайырымды адамдар болса керек.
Мәшекең кетерінде Құлбайға төмендегідей:
Құлбай, Құлбай десейші,
Құлбайдың қамын Құдай жесейші.
Құлбайды бұлай қинамай,
Періштелер әмин десейші! — деп қолын жайып бата берген екен. Сол Құлбай Мәшекең өсиет еткендей бақытты ғұмыр кешіп, 90 жасында ораза ішінде жұма күні ұрпақтарының алдында, жайнамазға басын тигізіп, Мәшекеңнің: Құлбай, Құлбай десейші,
Құлбайдың қамын Құдай жесейші,
Ла илаһа илла Алла! — дегенін қайталап жатып, төсек азабын көрмей дүниеден өтіпті.
91 жастағы Жұқаш Кәрібаев ағадан жазып алған: Абай Шарапиев,
27 қыркүйек 2006 жыл