14 наурыз — Көрісу күні
Береке мен бірліктің мейрамы — Көрісу күнінің мақсаты — қазақ халқының рухани байлығын, ұлттық бірегейлігін сақтау, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. «Атамұра» мәдениет орталығы бұл күнді жыл сайын қала тұрғындарына дәстүрлі түрде насихаттап, дәріптеп келеді. Ғасырлар бойы халқымыз жаңа жылдың бастауы деп бір-біріне жақсы тілек айтып, жылдан-жылға аман-есен жеткеніне шүкіршілік етіп келе жатқан осы күнге «атамұралықтар» ерекше дайындалды. «Мaximall» сауда-сауық орталығында «Көрісудің күні бұл, қуанатын» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырып, қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, әсем әндерін тарту етті. Жиналған қауыммен сақина салу, орамал тастау сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
15 наурыз — Қайырымдылық күні
Қайырымдылық — тек қана материалдық көмек көрсету емес, рухани қолдау, мұқтаж жанды жылы сөзбен жігерлендіру. Бұл игі дәстүрдің адамдардың бір-біріне деген мейірімін оятып, «жақсылық жасап жарысайық» ұғымын әр адамның ұранына айналдырып жатқаны — қуантарлық жайт.
«Атамұра» мәдениет орталығы осы күні «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына барып, концерттік бағдарлама ұсынды. Балаларға Наурыз мейрамының маңызын ұғындырып, аластау рәсімін көрсетті. Әннен шашу шашылған аталмыш шарада «Мaximall» сауда орталығының демеушілігімен «Наурыздан сый» тәттілері таратылды.
18 наурыз — Ұлттық киім күні
Осы күні «Атамұра» мәдениет орталығының ұжымы кейінгі ұрпақ үшін қасиеті мен қадірі, мәні мен мағынасы, берер тәлім-тәрбиесі мен ұлағаты ерекше асыл мұра — қазақтың ұлттық киімдерін насихаттау мақсатында жастар арасында «Ұлттық киім — ұлт мақтанышы» фестивалін ұйымдастырды. Фестивальға қаламыздың мекемелері, оқу орындары, кәсіпорындарының жастары — барлығы 19 адам қатысты. Бұл шарада «Атамұраның» жылдар бойы қазақ әйелдерінің бас киімін ұлықтап келе жатқан «Киелі кимешек» жобасы аясында жиналған жұртшылыққа кимешектің 13 түрі көрсетілді.
19 наурыз — Жаңару күні
Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні өмірдің жаңаруын бейнелейді.
Биыл Қазақстан халқы ассамб-леясының құрылғанына — 30 жыл. 19 наурыз күні тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның мерейлі белесін мерекелеу аясында «Атамұра» мәдениет орталығы қаламыздың «Достық үйіндегі» этномәдени бірлестік өкілдеріне «Наурыз келді, құт келді» шарасын ұйымдастырып, құрмет көрсетті.
Кезінде атамекенінен жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерімен жарты нанды бөліп жеген қазақ халқының қонақжайлығы бүгінгі таңда көпұлтты үлкен мемлекеттің ұйытқысы болып отыр. Бүгінгі жиын сол игі дәстүрдің жаңғырығы іспетті. Шара барысында қазақ халқының дүниеге келген сәбиге азан шақырып ат қою, сондай-ақ, ұзатылып бара жатқан қыздың құрбыларына жолымды берсін деген ырыммен үкі тағу дәстүрлері көрсетіліп, әсем әндер шырқалды. Ұлттық тағамдардан көрме жасалып, қолға су құю әдебі жасалды. Қонақтар кең дастарханнан ұлттық тағамдардан дәм татты.
20 наурыз — Ұлттық спорт күні
«Атамұра» мәдениет орталығының қолдауымен, Құлакөл ауылдық клубының ұйымдастыруымен мектепте ұлттық спорт күніне арналған іс-шара өткізілді. Оқушылармен қазақ халқының ұлттық ойындары: асық ату, бес асық, қол күресі, арқан тарту ойнатылып, Естай атындағы музыка мектебінің өнерпаздары әсем ән-күйлерін тарту етті. Мектеп оқушыларына ұлттық тағамнан көрме ұсынылып, тәтті бауырсақтар таратылды. Шараның мәнді өтуіне №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі де үлес қосты.
22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні
Күн мен түн теңеліп, айнала жылы шуаққа бөленетін мейрамда «Атамұраның» ұйымдастыруымен жүйрік ат мініп, құмай тазы жетектеген өнерпаздар қазақтың сал-серілерінің сән-салтанатын паш етіп, ашық көлікпен орталық көшемен жүріп өтті.
Орталық алаңдағы мерекелік бағдарламаны салт-дәстүрден көрініс көрсете отырып бастаған «атамұралықтар» биылғы жылды әнші, композитор Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығына, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына, Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына және «Атамұра» мәдениет орталығының негізін қалаушы тұңғыш директоры Түсіпхан Қасымжановтың 95 жылдығына арнады. Келушілер тау тұлғалардың өмір тарихымен кеңінен танысты.
Бұл күні «Атамұраның» қоржыны «Ең үздік мәдени орталық» номинациясымен толықты.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА