1 сәуірден бастап балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жүргізіле бастады. Бұл шара 2025 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.
Талапқа сай бірінші сыныпқа алты жасқа толған және биыл жасы алтыға келетін балалар қабылданады. Бүлдіршіндердің даярлық деңгейі назарға алынбайды. Баланың тұрғылықты жері білім беру ұйымының қызмет көрсету аумағындағы мектепке қарасты болуы шарт. Екібастұз қаласы білім беру бөлімі таратқан ақпаратқа сәйкес ата-аналар мынадай құжаттар тапсыруы тиіс:
— өтініш; — баланың 3х4 см өлшемдегі фотосуреті (2 дана); — 052/у нысанды анықтама: 065/у.
Сондай-ақ, биылдан бастап «Бала денсаулығының паспортын» ақылы түрде сатып алудың қажеті жоқ. Баланың денсаулық паспортын баланың тіркелген мекенжайына қарасты емханалар мөрі бар анықтама түрінде тегін беретін болады.
Бұған қоса Оқу-ағарту министрлігі биыл электрондық үкіметтің «egov.kz» веб-порталы арқылы мемлекеттік қызметтің бизнес-процесін жаңартқан. Жаңартуға сәйкес мынадай өзгерістер бар: мектепті таңдау автоматты түрде микроучаскеге байланысты жүзеге асады (білім беру ұйымына қызмет ету аумағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының бұйрығымен бекітіледі); сынып жинағы автоматты түрде қалыптасады; білім беру ұйымымен келісімшарт «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық форматта жасалатын болады (бірінші сыныпқа қабылдау туралы бұйрықтан кейін ата-ана мен білім беру ұйымы арасында жасалған келісімшартпен танысу және қол қою үшін СМС хабарлама келеді.
Балаңыз алты жасқа толып, алдағы оқу жылында мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарласаңыз, қапы қалмаңыз!
Өз тілшіміз