Павлодарда «HAS» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар мен жетекшілеріне қатысты үкім шығарылды. Өздерін сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер азаматтарды түрлі инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттеп, ай сайын 70%-ға дейін пассивті табыс алуға уәде берген.
Әлеуметтік желілерде жалған акциялар белсенді түрде жарияланып, оның ішінде Астана мен Қосшы қалаларында тұрғын үй салынатыны туралы ақпарат таралған. Белсенді құрылыс иллюзиясын жасау үшін декорациялар мен арнайы техника жалданған.
Нәтижесінде қаржылық пирамидаға 5 мыңнан астам салымшы тіркелген.
Сот 5 қатысушыны 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар, зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу мақсатында салымшылардың ақшасына алынған 1 миллиард теңгеден асатын құны бар мүлік тәркіленді.
Активтер қатарында 4 пәтер, 18 автокөлік, 3 жер учаскесі, автотұрақ орындары, коммерциялық емес ғимарат және есепшоттардағы ақша қаражаттары бар.
Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы. Егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болсаңыздар, тұрғылықты жеріңіз бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінген жөн. Call-орталық: 1458.
Ж. АЙТЫШ