29 наурыз күні «Халық базарында» ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі өткізілді. Бірден айта кету ләзім, бұл жолы сырттағы сөрелер етке сықиып тұрды. Қала әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Көпежановтың айтуынша, ауыл-ауылдан 10 ірі қара, 12 жылқы және 4 қой еті жеткізіліпті.
Сиыр етінің бағасы біршама өскенімен, тұтынушылар қалауына қарай сатып алды. Шикі етке қоса, «Жаңа ауыл» шаруа қожалығының ұқсату кәсіпорнында әзірленген ысталған жылқы еті де саудаланды. Ішекке айналдырған қазы мен қарта ішіне салынған еттің 1 килосы 8 мың теңгеге бағаланыпты.
Қазір қорадағы сиырлар бұзаулаған мезгіл емес пе. Жабық базар ішінде шикі сүт, айран мен қаймақ, ірімшік пен қоспа да мол болды. 1 литр сүт — 350 теңге, 1 кило ақ ірімшік — 1000 теңге, 1 кило қаймақ — 3500 теңге. Сүт өнімдерін саудалаушы келіншектердің бірі — Бәйет ауылы тұрғыны Алтынгүл Сатыбалдықызын әңгімеге тарттық.
— Бәйет орта мектебінде информатика пәні мұғалімі болып еңбек етемін. Күйеуім Аманжол Купей «Айбар — К» шаруа қожалығын ашқан еді. Он сиыр сауып, сүтті сенбі күні бала-шағамыздың ырыздығын айыру үшін жәрмеңкеде сатамын, — деген Алтынгүл төрт түлік малдың аман-есен төлдегенін, ақтың молайғанын айтып, ақжарқын мінез танытты.
Жәрмеңкеде жас қияр — 600 теңге, қызанақ 800 теңгеден сатылып жатыр екен. Сол сөренің тұсында адамдар кәдімгідей кезекке тізіліп қалыпты. Сонымен бірге, сыртта сатылған картоп та тез өтіп кетті.

Қысқасы, осы жолғы жәрмеңке өнімнің алуан түрлілігімен көңілден шықты.
Жассерік Жәлелұлы