1 сәуір күні қала әкімдігінде аппарат мәжілісі өткізіліп, көктемгі дала жұмыстарына әзірлік пысықталды. Аталмыш мәселе жөнінде қала әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Көпежанов хабарлама жасады.
Биылғы жылы егістік көлемі 23530 гектарды құрап отыр. Соның 8830 гектары — дәнді дақылдар. Жіліктеп таратар болсақ, бидай — 5900 гектар, арпа — 2690 гектар, сұлы — 240 гектар. Біржылдық және көпжылдық шөп пен сүрлемдік жүгері 9865 гектар алқапқа егіледі. Сонымен қатар, майлы дақылдарға 1000 гектар, картопқа — 3139 гектар, көкөніске 475 гектар және бақша дақылдарына 6 гектар жер бөлінген.
Өнімнің мол болуы үшін сапалы тұқым қажет. Көктемгі егіс жұмыстарына 8,9 мың тонна тұқым керек екен. Күзден бері қамбада сақталған тұқым үлгілері сапасын анықтау мақсатында зертханаларға тапсырылыпты. Талдау нәтижесі 10 сәуірге дейін белгілі болады. Тұқымдық картоп жеткіліксіз болғандықтан, 2870 тонна тұқым сатып алыныпты. Соның ішінде «КорнАгро» ЖШС Беларусь республикасынан 2500 тонна, «Kabiden Agro» ЖШС Ақсу қаласы Евгеньевка ауылы «Виктория» шаруа қожалығынан 250 тонна, «АгроЭк» ЖШС Белоруссиядан 120 тонна тұқым сатып алған екен. Ал «ЭМПК» ЖШС Солтүстік Қазақстан облысы «Фортуна» ЖШС-нен 10 тонна күнбағыс тұқымын алыпты.
Егістік жер топырағының құнар-лылығын арттыруда минералдық тыңайтқыштардың маңызы зор. Осы орайда 2568 тонна тыңайтқыш сатып алу жоспарланса, бүгінгі күні 1389 тоннасы сатып алынған көрінеді.
Көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде жүргізу үшін диқандарда жанар-жағар май жеткілікті болуы керек. Осы орайда диқандар 366,7 тонна арзандатылған дизель отынына өтінім беріпті. Оның 1 литрі 244 теңгеге бағаланып отыр. Бұл нарықтағы құнынан 51 теңгеге арзан. Арзандатылған дизельдік отынды «ТК Парнас» және «LF Trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жеткізеді.
Көктемгі дала жұмыстарына қамтылатын техника жайында айтар болсақ, оған 70 трактор жұмылдырылатын болады. Жалпы, жыл сайын техника паркі жаңартылуда. Мәселен, 20 ақпанға дейін 11 бірлік техника сатып алынған екен.
Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мәселесі оң шешімін табуда. «Кең дала — 2» мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 шаруашылық жалпы көлемі 1766,6 миллион теңге қарыз қаражат алса, «ӘКК» АҚ арқылы «ЭМПК» ЖШС — 500 миллион теңге, «КорнАгро» ЖШС 600 миллион теңге кредит алыпты. Сонымен қатар, тағы бірнеше шаруашылықтың өтінімдері қарастырылып жатыр.
Қаралған мәселені талқылау кезінде қала әкімі Аян Бейсекин көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде өткізу үшін ауыл шаруашылығы техникасының әзірлігін тағы бір мәрте тексеріп, тұқым сапасына мән беруді тапсырды. Диқандарды арзандатылған дизельдік отынмен дер кезінде қамтамасыз ету мәселесін қала әкімінің кеңесшісі Сансызбай Сапарұлы бақылауында ұстайтын болады.
Айтпақшы, биыл қар ерте кетіп, жер тез дегдігендіктен, жер жырту, дән себу жұмыстарын жүргізуді ауа райының ау-жайына қарай реттеген абзал екендігі ескертілді.
Ж. СӘДУАҚАС