« Әр ақылды адамға — иман парыз, әр иманды адамға — ғибадат парыз» демекші, қасиетті рамазан айында ауыз бекітіп, ораза ұстап бес парызының бірін өтеген жамағат 30 наурыз күні таңман таласа оянып, қалалық мешітке Ораза айт намазына ағылды. Жамағаттың көп болғаны соншалық, ішке сыймаған жұрт сыртта жайнамаз жайып құлшылық етті.
Мешіттің наиб-имамы Асхат Қизатұлы құлаққа жағымды дауыспен жүрекке жылы тиетін уағыз айтып, имам Нұрсейіт Әбдімүтәліұлы айт намазын оқып, үлкен-кіші сәждеге бас тигізді.
Айт намазы оқылған соң бір-біріне: «Айт қабыл болсын!» — деп тілек білдірген қауым мешіт асханасына беттеді. Мұнда дастарханға исі бұрқыраған палау қойылып, айт шайы берілді. Айт шайын «Фруктовый рай» дүкенінің қожайындары — кәсіпкерлер Нұржан мен Гауһар өз қаражатына ұйымдастырып, қауымның ризашылығын естіді.
Айт күні үлкен-кіші мерекені сезінуі үшін мешіт ауласында спорт түрлерінен жарыс өткізілді. Қолдарына садақ ұстаған жас жігіттер Орта Азия ережесі бойынша нысана көздеп, содан соң жамбы атты. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Жарысқа Павлодар облысы дәстүрлі садақ ату федерациясының төрағасы — «Зерде» мектебінің мұғалімі Нұрбек Мұқышев төрешілік етті.
Сонымен бірге, 24 кило гір тасын көтеруден де жарыс болды. Білек күші мықты жігіттер мен бозбалалар кезек-кезегімен ортаға шықты. №11 мектеп оқушысы, қазақ күресі палуаны Айқын Арынғазинов денесінің сұңғақтығына қарамастан гір тасын 33 рет көтергенінде көрермен қауым «бәрекелді» десті. Жарыстың жүлде қорын мешіт ұсынды.
Ж. Бұланбай
