Жазғытұрым жыл сайын жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Биылғы жоспар да ауқымды. Бұл туралы аппарат мәжілісінде қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абай Хакімов баяндады.
Жолдарды ағымдағы жөн-деуге 752 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл жұмыстарды екі мердігер атқаратын болады. Жұмыс көлемі — 160 мың шаршы метр. Ал орамішілік аумақтарды асфальттау жұмысы «Нұрал» ЖШС-іне жүктелген. Мердігермен 410,4 миллион теңгеге шарт жасалыпты, 30 аулада 70 мың шаршы метр аумақ асфальтталады. Сонымен қатар, былтырғыдай әлеуметтік нысандарға кірме жолдарды асфальттау көзделген. Атап айтқанда, «Нұрал» ЖШС 12 мектеп пен 12 балабақшаға кірме жолдарды жөндейді. Бұл мақсатқа 133,084 миллион теңге бөлініпті.
Тағы бір айта кететін жайт, облыс бюджетін нақтылау кезінде 400 миллион теңгенің бюджеттік өтінімі мақұлданыпты. Енді мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланады.
Жеке сектордағы көше жолдары да назардан тыс қалмапты. Жолдарды пішіндеуге 100,2 миллион теңге бөлініп отыр. Мердігер ұйымдар: «Диас Дар» ЖШС мен «Қазстройаудит» ЖШС 40 көшеде пішіндеу жұмыстарын жүргізеді.
Жолдарды күрделі жөндеу және реконструкциялау туралы сөз қозғасақ, алты жол учаскесін жөндеуге Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданған екен. Өтінім мақұлданып, қаржы бөлінсе, Әлия Молдағұлова көшесінде — 1,5 км, Торайғыров көшесінде — 3,3 км, Сәтбаев көшесінде — 800 метр, М. Әуезов көшесінде — 4 км, Қонаев көшесінде 8 км. және Төртүй ауылында 18 км. жолға күрделі жөндеу жүргізіледі.
«АЗА» фирмасы биыл жаз Ақкөл ауылынан Исабек ишан кесенесіне дейінгі аралықтағы жол құрылысын аяқтауы тиіс.
Климат қатал болғандықтан, әр қыстан соң жазғытұрым көше жолдары жөндеуді қажет етеді. Осы орайда, қала басшысы Аян Уахитұлы ағымдағы жөндеу жұмыстарына қала қазынасынан 2 миллиард теңге қаржы бөлініп отырғанын айта келе, жөндеу жұмыстарының өз мерзімінде сапалы атқарылуын қамтамасыз етуді жауапты адамдарға шегелеп тапсырды. Сапа жағын депутаттар да қадағалайтын болады. Ал ауыл әкімдері соңғы жылдары жөнге келтірілген елді мекендерге кірме жолдарды күтіп ұстауға мән беруі керек.
Тағы бір ескеретін жайт, жөндеу жұмыстары кезінде уақытша қолайсыздықтар тууы ықтимал. Қала тұрғындарының бұған түсіністікпен қарауы абзал. Мектептер мен балабақшалар аумағында жұмыстар жүргізілгенде балалардың қауіпсіздігі қаперде болуы тиіс.
Аппарат мәжілісі соңында қала басшысы көше жолдарын күтіп ұстауға міндетті «Екібастұзкоммун-сервис» және «Диас Дар» кәсіпорындарына шаңды басу үшін уақытылы су шашып отыруды жүктеді. Ол үшін «Горводоканал» кәсіпорны техникалық сумен қамтамасыз ету мәселесін бірер күн ішінде реттеуге міндеттелді.
Сәуір айы ішінде бірнеше мәрте сенбілік ұйымдастырылып, санитарлық тазалық айлығы жарияланады. Шаһарымыз таза әрі көрікті болуы үшін әркім сенбілікке белсенді қатысып, ортақ іске өз үлесін қосқаны абзал.
Бір атап өтерлік жайт, қала әкімі Аян Бейсекиннің талап етуіне құлақ асқан баяндамашылар Азамат Көпежанов пен Абай Хакімов ақпаратты қазақ тілінде оқып шығып, талқылау кезіндегі әңгіме де мемлекеттік тілде өрбіді. Өзге де мемлекеттік қызметшілерге бұл үлгі болып, олар да алдағы уақытта мемлекеттік тілде сөйлеуді дағдыға айналдырады деп сенеміз.
Ж. Жәлелұлы