2025 жылғы 1 наурыздан бастап «Арақсыз қоғам »акциясы ұйымдастырылып, үндеу жарияланғаны белгілі. Ең алғаш осындай үндеуді бұрынғы бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі марқұм бастап, кейінгі мүфтилер өз құттықтауларында арақ өндірісін тоқататуды, дүкендерде сатпауды көтерген болатын. Қазіргі бас мүфти, ҚМДБ төрағасы Наурызбайқажы Тағанұлы өзінің құттықтауында осы мәселеге арнайы тоқталып, түсіндірме жасады.
Осы үндеуді негізге алып наурыз айында Ақтоғай аудандық мәдениет үйінде, 11-і мен 17-сі күндері Ақтоғай аудандық Жандарбек мешітінде мешіттің бас имамы Ахметолла Қожахметовтің игі бастамасымен «Арақсыз Ақтоғай — берекелі Ақтоғай» атты сұхбат кештері өтті.
Мәдениет үйінде өткен басқосуда осы өзекті мәселе кеңінен талқыланып, имам халықты дұрыс таңдау жасауға шақырды. Аталмыш шараға Павлодар облысының Әбу Бәкір Сыддық медресе-колледжінің ұстазы Нұрсұлтан Қуатұлы қатысып, ішімдіктің діни тұрғыдағы зияны жөнінде айтып берді. Кеш соңында тұрғындар арасында «Арақсыз Ақтоғай» акциясын қолдау бойынша сауалнама жүргізілді. Іс-шараға қатысқан 60 адамның 55-і бастаманы «қолдаймыз» десе, қалған 5 адам «қарсы» деп дауыс беріпті. Кеш ИсаБайзақов атындағы филармонияның әншісі Бауыржан Ерашұлы орындаған «Қазақ пен арақ» әнімен қорытындыланды. Ертіс ауданындағы «Ержан» мешітінің бас имамы Бақытқажы Төлегенге эстафета табыс етілді.
Бұл шара Ақтоғай аудандық Жандарбек мешітінде өз жалғасын тауып, әйелдер мен ер адамдарға арналған екікүндік семинар өтті.
Әйелдер семинарына Мәшһүр Жүсіп мешітінің ұстазы Ақерке Тұрғанбайқызы және «Мұнара» студиясының маманы Майгүл Тұрашылқызы, «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігі мүшелері, Ақтоғай ауданының мекеме басшылары, аудан тұрғындары, аурухана қызметкерлері, ұстаздар қауымы қатысты.
Қасиетті Рамазан айында «АрақсызАқтоғай» акциясына әйелдер қауымы белсенді жиналып, бүкіл Ақтоғай халқын салауатты өмір салтына шақырды.
Арақтың зиянына тоқталсақ: дәрігерлер оны үзілді-кесілді түрде денсаулыққа зиянды санайды, құқық қорғаушылар күн сайынғы қылмыстардың басым бөлігін осы арақпен байланыстырады, дін қызметкерлері «адамды адам кейпінен айыратын су, шайтанның құрған торы» деуден танбайды, ал ғалымдардың арасында алкогольді тіпті жаппай қырып-жоятын қарулар қатарына қосу керектігін айтатындар да бар. Сонымен қатар, арақ аудандағы дүкендер сөрелерінен де жоғалып тынса деген мақсатпен сұхбат кеші «Бүгінге дейін қазақ халқының ішімдікке деген көзқарас қандай болған?», «Ислам және ішімдік», «Ішімдіктің қоғамға тигізер әсері» және «Қорытынды мен халық таңдауы» атты 4 бөлімнен құралып, ұстаз Ақерке Тұрғанбайқызы әр бөлімде қойылған сұрақтарға жеке тоқталып, тұшымды жауап берді. Арақтың медициналық тұрғыдағы зияны туралы Ақтоғай аудандық ауруханасының терапевт-дәрігері Гүлмира Рақымжанова әңгімелеп берді.

Жиналған қауым назарына арақтың зияны және арақсыз той-думан жайында бейнефильм ұсынылды.
Кеш соңында Нұраш Мұқажанқызы жарапазан айтып, жиналған қауымға Жандарбек мешітінің асханасында ауызашар берілді.
Ер адамдар арасында да осы мәселе көтеріліп, мешіттің бас имамы Ахметолла қажы Қожахметов ата-бабамыздың ішімдікке қатаң тыйым салғанын атап өтті.
Ақтоғай жұрты осындай игі бастамаларды қолдау арқылы келешек ұрпаққа жарқын болашақ сыйлауды көздейді, олай болса, «Арақсыз Ақтоғай — берекелі Ақтоғай» бастамасын өзге өңірлерде жалғайық!
Гүлмира Асамбаева, Ақтоғай аудандық кітапханасы қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі