
Наурыз айында мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгін ауқаны басталды. Екібастұз өңірінен осы көктемде 180 азаматты шақыру жоспарланыпты. Олар ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, ҚР Қарулы күштерінің қатарына, Ұлттық Ұланға, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Мемлекеттік күзет қызметіне жасақталмақ.
Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығының орынбасары Мәлік Ренов баяндады.
— Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, үстіміздегі жылдың 1 наурызында 2025 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жарияланды. Медициналық тексеруден өтіп, іріктелген жігіттереліміздің Қарулы күштері мен әскери құрылымдарында борыштарын өтейтін болады. Науқан ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін жалғасады, — деді бұл туралы майор Мәлік Әнуарбекұлы.
Мемлекет сарбаздардың азаматтық борышын алаңсыз атқаруы үшін жағдай жасауға тырысуда. Соның бірі — несие каникулы, яғни, мерзімді қызмет кезінде азаматтардың несиесі 14 айға тоқтатылады. Бір жыл әскери қызметтен соң олардың жұмысқа орналасуына 2 ай мүмкіндік беріледі. Несиені кейінге қалдыру туралы өтінішті бұрын әскерге шақырылғандар өздері тапсырса, қазір бұл процесс автоматтандырылған. Азаматтың әскерге алынғаны туралы ақпарат Мемлекеттік несие бюросына және Бірінші кредиттік бюроға, одан әрі Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жіберіледі.
Сарбаздарға білім беру секторында айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. Үздік әскери қызметкерлерге мемлекеттік гранттар беріледі. «Үздіктер қалай анықталады?» дегенге келсек, сарбаздардың барлық жетістіктері «Әскери міндеттілер 2.0» цифрлық жүйесінде тіркеледі. Аттестат пен мектеп бағалары есепке алынбайды. Грант ала алмағандар ҰБТ-сыз оқуға түсе алады, бірақ ақылы негізде оқиды. Бұл жеңілдік әскери қызметтен босатылғаннан кейінгі екі жыл бойы сақталады. Қорғаныс министрлігінің бастамасына қазіргі таңда еліміздегі 70-тен астам ЖОО қатысуда.
Тағы айта кететін жай, әскердегі міндетін өтеу кезінде азаматтардың жұмыс орындары мен лауазымдары сақталады.
Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңында әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе босату жағдайлары қарастырылған. 2012 жылы шыққан бұл заңға сәйкес азаматтар отбасы жағдайы, білім алуды жалғастыру, денсаулық жағдайына қарай босатылуы мүмкін.
М.Ренов әскерге шақырылушылардың денсаулық сапасына тоқталды. Айтуынша, бұрындары олардың әскерге жарамауының себебі негізінен майтабан, салмақ жетіспеушілік болса, бүгіндері көз көруінің нашарлауы, омыртқаның деформациясы (сколиоз) секілді диагноздар көбейген. Бұл жастардың гаджеттерді бақылаусыз пайдалануының салдары болса керек.
Әскерден жалтарғандар заң алдында жауап береді. Еш негізсіз бас тартқандар 1000 АЕК айыппұл төлеуі, 1 жылға бас бостандығы шектелуі не айырылуы, түзеу жұмыстарына жіберілуі мүмкін.
Г. ҚУАТҚЫЗЫ
Суретті түсірген: В.Фадеев