18 наурыз күні қала әкімдігінде кезекті аппарат отырысы болып, онда 2025 жылдың қаңтар-ақпанындағы Екібастұз өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, қалалық бюджеттің игерілуі сөз болды.
Бұл туралы қала әкімдігі экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева ақпарат берді. Оның айтуынша, екі ай ішінде 250953,7 миллион теңге көлемінде өнеркәсіптік өнімдер өндірілген. Тау-кен өнеркәсібінде былтырғы жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда көмір өндіру 7 пайызға ұлғайыпты. Мыс фабрикалары да кен өндіру көлемін 5 пайызға арттырыпты. Алайда концентраттар өндіру 15,4 пайызға кеміп кетіпті. Қала әкімі Аян Уахитұлының: «Неге олай болды?» — деген сұрағына Салтанат Қайшыбайқызы: «Кен құрамында мыстың аз болуы себепті мыс концентраты да кеміп кеткен тәрізді», — деп жауап берді. Бірақ бұл жауап қала басшысын қанағаттандырмай, мәселенің анық-қанығына жетіп, талдау жасауды өзінің орынбасары Гүлжан Зарлықоваға жүктеді.
Электр энергиясын өндіру көрсеткіштері де тәуір. Нақты айтқанда, 10,6 пайызға өсіпті.
Енді құрылыс саласы туралы айтар болсақ, биылғы жылдың қаңтар-ақпанында жалпы көлемі 3499 шаршы метр тұрғынжай іске қосылса, наурыз айында бұл көрсеткіш 4995 шаршы метрді құрамақшы екен. Бұл негізінен жеке үйлерді пайдалануға беру есебінен болады.
Ағымдағы жылдың екі айы ішінде ауыл шаруашылығында өнім өндіру кеміпті. Бұл, әсіресе, мал шаруашылығында байқалады. Атап айтқанда, былтыр екі айда 230 ірі қара сойылса, биыл 56 ірі қара ғана сойылыпты. Сонымен қатар, сойылған жылқы саны да 17 пайызға төмендеген. Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Көпежанов көрсеткіштің кемуін асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың малды тірілей сатып жіберуімен түсіндірді. Әрине, бұл жауап та қала әкімінің көңілінен шыққан жоқ. Сол себепті жағдайды І тоқсан аяғына дейін түзеуге тапсырма берілді.
Баяндамашы Салтанат Қорабаева инвестиция тарту, бөлшек саудадағы көрсеткіштер туралы да айтып өтті.
Бюджеттің кіріс бөлімінің орындалуы жайлы айтар болсақ, ол 108,6 пайызға асыра игеріліпті.
Аппарат отырысында қаралған маңызды мәселені талқылау кезінде қала әкімі Аян Бейсекин өнеркәсіптік кәсіпорындардың өнімөндіру көлемін азайтуының салдары әлеуметтік тұрақтылыққа салқынын тигізетіні найтып, тиісті қызметтерге кәсіпорындардың бірінші басшыларымен бас қосып жоспарды тиянақтап, пысықтауды тапсырды. Сонымен бірге, бюджеттің кіріс және шығыс бөлімдерінің І тоқсанда орындалуы да үнемі бақылауда болуы тиіс. Түйткілді тәуекелдер туындаса, бөлім басшылары одан шығудың амал-жолдарын ойластырып, алдын алғаны жөн.
Ж. Жәлелұлы