
22 наурыз күні өткен кәсіптік және техникалық мамандықтар көрмесі жастар үшін пайдалы ақпараттың қайнар көзі болды. Шараға мектеп оқушылары, студенттер және болашақ мамандығын іздеген жастар қатысты.
Көрмеге Қ.Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен-техникалық колледжі, ИнЕУ Екібастұз жоғары колледжі және Екібастұз меди-циналық колледжі қатысты. Бұл оқу орындары тау-кен ісі, металлургия, экономика, ІТ, инженерия, медицина және басқа да техникалық мамандықтар бойынша болашақ мамандарды даярлау бағытында өз мүмкіндіктерін ұсынды.

Көрмеге келген әрбір адам белгілі бір мамандықтың ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, кейбір кәсіптерге қадам жасады. Мысалы, токарь мамандығына қызығушылар станокпен жұмыс істеу процесін бақылаумен шектелмей, өздері де құрал-жабдықты қолданып көрді. Дәнекерлеуші болуды армандағандар арнайы құралдарды қолдану тәртібі-мен танысып, жұмыстың қырсырына бойлады.
Медицина саласына қызығушылық танытқандар да аз емес екен. Көрме аясында келушілер қан қысымын өлшеуді тегін үйреніп, алғашқы көмек көрсетуден шеберлік сабақтарына қатысты.
Сонымен қатар, фармацевтика бағыты бойынша дәрі-дәрмек дайындау процесін көруге мүмкіндік туды.
Сондай-ақ, көрмеде тек дәстүрлі мамандықтар ғана емес, инновациялық бағыттар да ұсынылды. Қатысушылар VR көзілдірігі арқылы виртуалды экскурсияға шығып, жасанды интеллект көмегімен бірегей суреттер дайындаудың куәсі болды. Бұл технологиялардың қарқынды дамуы жастардың ерекше қызығушылығын тудырады.
Шығармашылық бағыттағы белсенділіктер де көрменің ерекше бөлігін құрапты. Балалар үшін арнайы оригами шеберлік сыныптары ұйымдастырылды, ал студенттердің қолынан шыққан инсталляциялар көрме қонақтарының назарын ерекше аударды.

Аталған көрме жастарға болашақ мамандығын таңдауға көмектесіп, маңызды ақпарат пен тәжірибе берді деп сенеміз.
Ділназ Серікбай