
Көрісу күні — қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі мейрамы. Бұл — адамдардың бір-бірімен құшақтасып, жақсылық тілеп, «Бір жас қосуыңмен!» деп жылы лебіздерін білдіретін ерекше күн. Әдетте мереке 14 наурызда тойланады және оны тек амандасу рәсімі деп қарастыруға болмайды. Көрісу күні — үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, бауырмалдық пен сыйластықты дәріптейтін ата-бабадан қалған асыл дәстүр.
Бұл күн -қыстың қатаң сынағынан өткен халықтың жаңа маусымға аман-есен жеткеніне шүкіршілік ететін, ағайын-туыс, дос-жаранның бір-бірімен қайта қауышып, мейірімге толы сәттерді бастан өткеретін мерекесі. Халқымыз бұл күнді жылдың жаңаруы, көктемнің келуі деп біліп, ренжіскен адамдар татуласып, жас пен кәрі ақ тілегін айтып, төс қағыстыратын болған. Қазақтың кең пейілі мен ізгі дәстүрлерінің бір көрінісі осы Көрісу күнінде айқын сезіледі. Көрісу дәстүрі, әсіресе, Батыс Қазақстан аймағында сақталғанымен, бұл салт ғасырлар бойы бүкіл қазақ даласында Наурыз мерекесінің бастауы деп қабылданады.

«Атамұра» мәдениет орталығы бұл дәстүрді дәріптеп, жыл сайын қала тұрғындарына кеңінен насихаттап келеді. Осы жолы да мереке ерекше көңіл-күймен тойланды. Екібастұз қаласының тұрғындары мен қонақтары «Maximall» сауда орталығында өткен «Көрісудің күні бұл, қуанатын!» аттышараға жиналып, мерекелік көңіл күйге бөленді. Орталық бірнеше жылдан бері Көрісу күнін кең көлемде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Жыл сайын шара ауқымы кеңейіп, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеудің жаңа жолдары қарастырылып келеді. Орталы құжымы ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға ерекше мән беріп, жас ұрпаққа қазақ халқының бай мәдени мұрасын насихаттауға бар күшін салып жүр.
Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртатын бұл шарада көпшілік бір-бірімен көрісіп, ізгітілек терін арнап, нағыз халықтық мейрамның шырайын сезінді. Сахнада «Мұрагер» халықтық вокалды-аспаптық ансамблі мен «Арна» вокалдық тобы өнер көрсетіп, жиналған қауымды әсем әнмен сусындатты.

Шара барысында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жастар мен ересектер «Орамал тастау», «Күміс салу» секілді қызықты сайыстарға белсенді қатысты. Әсіресе, «Орамал тарту» ойыны ерекше қызу тартыспен өтті. Ұлттық киім киген өнерпаздар күмбірлеген күй шертіп, жырдан шашу шашып, жиналған жұртқа ұмытылмас әсер сыйлады.
Шараға қатысқан қала тұрғындары бұл мерекенің ерекше атмосферасын сезініп, дәстүрдің қайта жаңғырып жатқанына қуанышты екендерін жеткізді. Қатысушылардың бірі: «Көрісу күні – өткен жылға шүкіршілік айтып, жаңа күнге қадам басу. Бала күнімнен бұл мерекені күтіп, үлкендерге сәлем беріп, ақ батасын алатын едім. Мерекені ерекше форматта ұйымдастырған мәдениет орталығының қызметкерлеріне алғысым шексіз», — деп ықылас білдірді.
Ділназ Серікбай
Суреттерді түсірген: В.Фадеев