
Кілем кестесіне бұрындары аса мән бермеген екенмін. «Отарқа» газеті редакторының кабинетінде ілулі тұрған Абай Құнанбаевтың кестеленген бейнесін көргенімде қатты қызығып, «мынау бір ерекше өнер екен» деп ойлайтынмын. Кілемнің үстіне бейне қондырып кестелейтін шеберлер көп емес. Наурыздың жаймашуақ күндерінің бірінде көз тартарлық өнер иесі — Меруерт Иманбаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.
Меруерт Оразалықызы Шідерті жалпы орта білім беретін мектебінде жұмыс істейді. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі оқушыларына ұлттық өнерді үйрету арқылы қазақ мәдениетінің бай мұрасынан еркін сусындауына ықпал етуде.

— Кілем тоқу — өте қызықты және кең таралған қол өнер түрі. Оның эстетикалық тұрғыдан әдемілігі өз алдына, сонымен қатар, балалардың ұсақ моторикасын, қимыл координациясын, кеңістікті койлауды және шығармашылық қабілеттерді дамытады. Оқушылар үшін тағы бір пайдасы — зейін мен сабырлылықты қалыптастыруға көмектеседі, — дейді М.Иманбаева.
Меруерт кілем тоқу өнерін көптен бері зерттеп жүр. «Жұмыстарымда көбінесе табиғаттың әсемдігін, оның ішінде жан-жануарларды кескіндеуге тырысамын. Мен жануарларды бейнелегенді өте жақсы көремін, бұл — менің шығармашылығымдағы негізгі тақырып. Олардың кейіптерін ерекшелеу және қимыл үстінде көрсету үшін көлемді және күрделі жұмыстарды жасағанды дұрыс көремін», — дейді ол.
Хоббиін сүйікті ісіне айналдырған М.Иманбаева алғашқы кезде тоқуды интернеттен үйренсе, кейін дамытып, кәсіби деңгейге жеткізіпті.
Меруерт Оразалықызының тағы бір өнері — алаша тоқу. Сонаусақ дәуірінен жалғасып келе жатқан қол өнердің ерекше түрі — алаша тоқу бүгінде ұмытылып барады. Осы бір ерекше өнерді мәдениеттің бір бөлшегі ғана емес, дәстүр мен ділді сақтайтын құрал деп танитын шебер алаша тоқуға биылдан бастап кірісіпті. Әдетте алашаға түсетін өрнектер басқаша болады және шыдамдылықты талап етеді. Меруерт осыларды зерделей отыра шәкірттеріне де үйрету үстінде. «Сол арқылы балаларға қазақтың тарихи-мәдени мұрасын танытпақпын. Біз өткенді жалғап, келешек ұрпақ қажет кізуіміз қажет», — дейді педагог ой бөлісіп. Осы мақсатта ол шеберлік сабақтарын өткізіп, алаша тоқуды дәріптеуді қолға алды.

Меруерт Оразалықызының туындылары көркемдігімен ерекшеленеді. Суретшінің идеясы әсем бояулармен үйлесіп, жайлы жарасымдылық тапқан. Бөрінің бейнесі түз тағысының қату қабағын, тауыстың түрлі-түсті қауырсындары ойнақы еркіндікті көрсететіндей. Сурет демекші, кілемді кестелеуден бұрын шебер болашақ кестесінің эскизін бейнелейді. Мұндайда шәкірттерін де қиялына ерік беруге шақырады.
Қол өнер шеберінің бірнеше жылғы еңбегі нәтижесіз емес. Өзі де, шәкірттері де түрлі сайыстарға қатысып, биіктен көрініп жүр. Күні кеше ғана Астана қаласында Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай өткізілген ғылыми-конференцияға қатысып, алғыс хатқа ие болды.
Кестелі кілемшелерге қызығып, сатуға қол қалайтындар көп екен. Бірақ Меруерт Оразалықызы туындыларын сатумен айналыспайды.

— Нарықта қолданбалы өнер тым арзан бағаланады. Айталық, мен бір картинаға кететін жіптің өзін кемі 5 мың теңгеге сатып аламын. Картиналар мектептің шеберханасында сақталады, — дейді ол.
Меруерттің балалары да өнерден құралақан емес. Үлкен қызы Арай интерьерлік суреттер салады. Ал кенже қызы Аружан моншақтардан сөмке тігумен әуестеніпжүр.
«Өнерді үйрен де, жирен» демей ме. Меруерт ізденуден жалықпайды. Шәкірттерімен бірге істеген әрбір жұмысы шеберлігін жетілдіріп, шабыт сыйлайды. Алда талай көрмелер, байқаулар күтіп тұр.