

1942 жылдың тамыз айының соңғы күндерінде Воронеж қаласының түбінде 107-ші атқыштар дивизиясы жасақталды. Бірінші Украина майданы әскерлерінің құрамына енетін осынау әскери бөлімге Омбының кіші офицерлер даярлайтын әскери курсында оқып жүрген Жұқаш Кәрібайұлы да жіберілген еді.
Баянауылдан мал дәрігері Жұқаш Кәрібаев, агроном Атажан Әбішев, мұғалім Жапаш Дәуітов, Майқайыңнан тағы екі қазақ жігіті — бәрі бір бөлімшеде еді. Жаттығудан қолдары сәл босай қалса-ақ жерлестер жинала қалып, өткен-кеткенді сөз қылатын. Әрине, әрқайсысы-ақ өзінің ішінде жатқан елге, туып-өскен жерге деген сағынышты сыртқа шығармауға тырысатын. Өйткені ол бәріне ортақ «ауру» еді. Сондықтан қайдағы бір оқиғаларды ойдан өрбітіп, жұрттың көңілін көтеруге тырысатын. Ондайға Атажан ерекше шебер еді.
— Атажан, осы сен майданға қалай келіп қалдың? — десетін жігіттер күлісіп. Соны күтіп отырғандай, Атажан да маңыздана қалатын.
— Мені Атажан демеңдер. Атажан Абишевич деңдер. Секеңнің (Сталин дегені) өзі де мені солай атайды.
Ашық аспан астында сары даланың төсінде емін-еркін көсіліп жатқан жігіттер Атажанның бұл сөзіне қыран-топан болып күлісіп алды. Бір кезде Жұқаш сөз бастады.
— Атажан Абишевич, — деді ол дауысын Атажанның өз мәнеріне салып, — Секеңнің сізге бір жақындығы бар ма?
— Жақын-мақын дегенді қою керек қой осы. Біз тек қызмет бабында ғана сөйлесеміз. Осы соғыстың басталғанын да мен бірінші рет сол кісіден естідім.
— Иә, сізге тегі телефон соққан ғой.
— Дәл айттың. Түн ортасында шырт ұйқыда жатыр екем, телефон безектеп қоя берді, тыңдасам, Секең екен.
«Гитлер келісімшартты бұзып, соғыс ашты. Үміт өзіңізде. Тек не істейтінімізді ақылдасып алайық», — деді. Мен сәл ойландым да: «Әзірше майдан жағын Клим екеуің (Клим дегені — Ворошилов) басқара беріңдер, мен Омбыдан резерв дайындайын дедім. Содан, міне, сендердің орталарыңнан бір-ақ шықтым, енді ертең Воронежден немістерді дүркірете қуып шықпақпын… Жігіттер жолдастарының ойдан шығарған бұл сөзіне де мәз болысып қалды.
Атажан айтқандай, шынында да ертеңінде Кеңес әскерлері Воронежге шабуыл бастады. Он минуттай артиллериядан атқылап алған соң жаяу әскер «уралап» алға ұмтылды. Бірақ жаудың тегеурінді қарсылығына кездесіп, алғашқы екпін су сепкендей басылды.
Шабуылға жігіттер екінші рет көтерілгенде Жұқаштың аяғына оқ тиді. Жүгіріп келе жатқан жас жігіт жаралы аяғын сүйрете бірер аттады да, құлап түсті. Ет қызуымен қайта көтерілмек болып еді, онысы іске аспады. Бағанағыдай емес, аяғы сырқырап ауыра бастады. Көйлегін жыртып аяғын таңбақ болғанында оң қолынан тағы да жараланды. Сонда ғана ол мынау қарша бораған оқтың астында қозғалмай жатқаннан басқа амалдың жоқтығын сезгендей болды. Оның үстіне, жер бауырлап жылжып барып түсер маңайда окоп та жоқ. Бағана шабуыл алдында өздері бекінген окоптан алыстап кетіпті.
Алыста, ілгері жақта жер бауырлап жатқан Кеңес әскерлері көрінеді. Немістердің қарша бораған оғы оларға да бас көтертер емес. Жұқаш жанұшырып жаралы аяқ-қолын таңдым дегенімен қансырай бастағанын сезді. Басына «Көмусіз қалар ма екем» деген ой келді. Шіркін, жан тәтті ғой. Қысылған шақта аузына аруақты Төлебай бабасын алды. «Жебей көр» деп жалбарынды. Неге екенін кім білсін, осы шақта Мәшһүр Жүсіп молла да есіне түсті. Бұл оның да аруағына жалбарынды. Мәшһүрді еске алуы мұң екен, бойына бір ерекше қуат пайда болғандай сезінді. Өйткені бұл оның талай кереметін өз көзімен көрген еді.
Бұлардың ата қыстауы қазіргі С. Торайғыров атындағы кеңшарда Шорабай деген жер еді. Адырлы, қой тасты жер. Жұқаштың атасы Машрап, әкесі Кәрібай осы Шорабайдан 1922 жылы Айдабол руының Еламан деген бұтағынан тарайтын Досқара, Шегебай қажылардың күзегі Құмдыкөлге (қазіргі Мәшһүр Жүсіп кеңшары) көшіп, Кәрібай жел диірмен салды. Содан соң бүкіл Баянауыл төңірегінде Біртайдың Омарынан кейін екінші болып Құмдыкөлдің терістігіндегі Саржалға егін екті. Дәл осы тұста Айдос деген жерден (қазіргі Жаяу Мұса атындағы кеңшар) 1920 жылы көшіп келіп, Шорабайдың батысындағы Бәзіл көлінде отырған Мәшһүр Жүсіп те Ескелдіге қоныс аударған еді. Ескелді мен Құмдыкөлдің арасы — 6-7 шақырымдай ғана жер. Машрап пен Мәшекең — ниеттес адамдар. Сондықтан екі ауылдың арасында қатынас үзілген емес. Атасы Машрап бір жаққа жолаушы шығар болса, немересі Жұқашты қасынан тастамайды. Жұқаш әсіресе Мәшекеңнің ауылына барғанды жақсы көреді. Өйткені молланың үйінің қазаны оттан түспейді, дастарханы жиылмайды. Әсіресе, моллаекеңнің әңгімесін айтсаңызшы! Ол кісі небір шежіреден сыр шерткенде немесе өзінің философияға толы жыр шумақтарын тақпақтай жөнелгенде тыңдап отырғандар бейнебір ертегі елінде жүргендей күй кешетін. Сол Мәшекең 1930 жылы Ескелдіде өзіне-өзі үй (зират) салдырып, ас бергізіп, 1931 жылы дүниеден көшіп еді — Мәшекеңнің жаназасына алыс-жақыннан естіген жан түгел жиналды деуге болады. Соншама көп адамның ішінде сақалын жаспен жуған Машрап атасын жетектеп Жұқаш та жүрген еді…
— Ой, Алла-ай! — деді жаны қиналған Жұқаш майдан даласында жатып. Оң жағына аунап түспек болып еді, шамасы келмеді. Жаралы аяқ-қолы көтертпейді…
Күн ұясына еніп бара жатыр. Жұқаш зорлана қимылдап шалқасынан жатты. Көзінің алды буалдырланып, дүние төңкеріліп бара жатқандай сезінді. Талықсып кеткен екен, көз алдына Баянауланың көгілдір таулары, айдын көлдері келе қалды. Міне, Айманбұлақ. Бұл — атақты Шоң бидің ұрпағы Айманның қыстауы. Баянауланың терістік баурайындағы мөлдір бұлақ. Сол бұлақтың қасында Айманның тоқалдан туған кіші ұлы Кенжетайдың екі бөлмелі қарағай үйі. Оның қасында Шерияздан үйі. Мұның бәрі Жұқашқа жақсы таныс. 1927 жылы Шериязданның осы үйінде бастауыш мектепте оқыған. Шерияздан ақсұр, денелі, бойшаң адам еді. Жаратылыстанудан сабақ берді. Ол Айманның Ыдырысқажы деген баласынан туатын. Кезінде ел ішінде өте беделді болды.
Осының бәрі талықсып жатқан жаралы жауынгердің көз алдынан көшкен елдей тізіліп өте берді, Жұқаш та өзіне аса ыстық осы бір көріністерден көз жазып қалудан қорықты ма екен, әлде шынында да жағдайы мүшкілденіп кетті ме, кім білсін, көзін ашпай, анда-санда ыңырсып қойып жата берді.
Адамның жаны қысылғанда оның көз алдында алдымен туып-өскен жері келеді деген рас екен. Жұқаштың да көз алдынан өзі асыр салып ойнаған жерлері үзік-үзік болып өтіп жатты. Міне, Баянауыл қалашығы. Көз жасындай айдынды Сабындыкөлдің жағасында, әсем таулардың қойнауында орналасқан осынау қалашықта 1929-1930 жылдары ол 3-4-кластарды бітіріп еді.
Міне, Құмдыкөл мен Ескелді. Тағы да Мәшһүр Жүсіп молланың үйі. Әне, өгіз арбадан екі адам қолы артына қайырылып байланған еңгезердей жігітті түсіріп жатыр. Қолы байлаулы жігіт аласұрып қасындағы қамқоршыларына бой берер емес. Үйден шапанын желбегей жамылып Мәшекең шықты. Ол әлгі жігітке көз тоқтатып тұрды да: «Жатып дем ал», — деп бұйырды. Даусын көтермей, бірақ зілді айтты. Әлгі еңгезердей жігіт «құп болады, ататайлап» барып үйдің іргесіне арқасын сүйеп отыра беріп ұйықтап кетті…
Жаралы жауынгер ыңырсып жатты да, бір кезде көзін ашты. Жан-жағына көз жүгіртіп еді, ымырт үйірілген шақ екен. Жүріп келе жатқан адамдардың тықыры естілді. Жау келіп қалған екен деп ойлаған Жұқаш жалғыз қолымен қаруына жармасты. Сөйткенше болмай қасынан топталған адамдар өте бастады. Бұған және мұның маңында жертезек болып жатқандарға ешқайсысы көңіл аударар емес. Тегі бұларды өлдіге санайтын сияқты.
Жұқаш мыналарға өзінің қайткенде тірі екендігін сездірмек болып жанталасты. Айғайламақ еді, тамағы кеуіп, тілі таңдайына жабысып қалғандай үні шықпады. Сонда да болса бар күшін жұмсай дыбыс беруге тырысты. Ыңырсыды ма, айғайлады ма, ол жағын өзі де білмейді, әйтеуір біреулердің мұның жанталасын байқап қалғаны анық. Бейтаныс екі жауынгер мұның қасына келді. Бұл «живой» дегендерін естіп, оларға мен тірімін демекші еді, бірақ тағы да талықсып кетті. Бір кезде көзін ашып еді, қасында өзінің жерлестері тұр екен. Мұны әлдебір окопқа әкеліп жатқызып қойыпты. Жұқаш Атажанды анық көрді. Неге екені белгісіз, оған қарап езу тартты. Оны Атажан да байқап қалып:
— Оу, батыр-екесі, бұл қай жатқаның шалжиып? Сенің мұндай екеніңді білгенде елге тастап кетуші едім, — деді, соғысқа кімді алу, кімді алмау нақ бір өз қолындағы істей-ақ. Бұдан соң да ол әлденелерді айтқандай болды. Бірақ оны жаралы жауынгер естіген жоқ.
Сонымен, соғыста жолы болмаған жауынгер Жұқаш Кәрібайұлы Тамбовтың госпиталінен бір-ақ шықты. Одан соң Свердлов қаласының жанындағы Чусовая деген қалашықта бір жыл емделіп, ақыры туған елге мүгедек болса да аман-есен оралды. Ол кезде кадр жағы жоққа тән еді. Аудан басшылары оны «Алексеевка» колхозына мал дәрігері етіп жіберді. Кейін «Теңдік», «Ленин», «Мұрынтал», «Жаңатілек», «Молотов», «Қызыләскер» колхоздарында 1968 жылға дейін веттехник болып, ал 1968 жылдан 1981 жылға дейін «Алексеевка» кеңшарының мал дәрігерлік дәріханасында меңгеруші болып қызмет істеді. Сүйіп қосылған қосағы Күлнәбирамен бірге жеті бала тәрбилеп өсірді. Құдайға шүкір, балаларының бәрі де бір-бір мамандық иелері, немере сүйгізіп отырғандары да бар.
«Отан соғысы» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері, бүгінде аузы дуалы ақсақалдарымыздың бірі. Қаламызда 13 жыл бойы тұрып келе жатқан оны екібастұздықтар шежіреші де шешен, парасатты да байсалды, көпке үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ақсақал ретінде құрметтейді.
Иә, ел құрметіне бөленуден асқан ештеңе болмаса керек. Ендеше Аллаңыз жар болып, абыройыңыз асқақтай берсін дегіміз келеді майдангер қартқа.
Аманкелді Қаңтарбаев, 1994 жыл.