
Жайқалған жасыл желек елді мекеннің сәні ғана емес, ауасын тазартатын өкпесі екені белгілі. Сондықтан қаланың іші мен сыртында тал-терек неғұрлым көп болса, соғұрлым тұрғындарға жақсы.
Сол үшін жыл сайын көктем мен күзде мыңдаған жас шыбық отырғызылады, бірақ соның өсіп-өніп кетуі көңіл толтырған емес. Әбден жауыр болған жағдай биыл тағы қайталанбауы үшін қалалық мәслихатта жасыл желек пен гүлзарларды күтіп ұстау, қорғау және сақтау, ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын атқаруға әзірлік пысықталды.
Қала әкімдігінің ТҮКШ бөлімінің бас маманы Мәди Зайкен қаралған мәселеге қатысты ақпарат берді. Биылғы жылы 4760 түп ағашты санитарлық күзеу, 2600 ағаштың тәжін қалыптастыру, 100 түп қураған ағашты кесу, 10 мың шаршы метр бұтаны қырқу жұмыстары жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта аталмыш жұмыстарды атқаратын мердігерлік ұйымдарды анықтау мақсатында конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Жалпы, сөз болып отырған жұмыстар үш бағытта атқарылады: Мәшһүр Жүсіп, М. Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Кеншілер, Энергетиктер және Торайғыров көшелеріндегі қураған ағаштар мен бұталарды кесу, сонымен қатар, тұрғындар өтініштері бойынша кварталдардағы бейберекет өсіп кеткен тал-теректерді күзеу.
Жұмыстыңтағы бір бағыты — сәндік көгалдандыру. Ағымдағы жылы жалпы ауданы 10 мың шаршы метр жерге біржылдық және көпжылдық гүлдер отырғызылады. Бұл жұмысты «Аяулы алақан» қоғамдық бірлестігі атқарады.
Айтпақшы, 2023 жылы «Казгипролесхоз KZ» ЖШС Екібастұз қаласын көгалдандырудың дендрологиялық жоспары мен сызбасын жасап, 69992 жасыл желекті тіркепті. Ендігі уақытта ағаш отырғызу осы жоспарға сай жүргізілмекші.
Жоғарыда айтқанымыздай, көгалдандыруға қатысты сұрақ жеткілікті. Қалалық қоғамдық бірлестік мүшесі Анатолий Дворак баяндамада былтыр отырғызылған шыбықтардың қаншасы жерсінгені жайлы талдау болмағанын сынға алып, шаһарда жасыл желектің жылдан-жылға азайып бара жатқанын тілге тиек етті.
— Жерсінбеген шыбықтардың орнына мердігер қайтадан жас шыбықтар отырғызуға міндетті, — деген бас маман Мәди Асқарұлы бірақ компенсациялық ағаш отырғызу болған не болмағанын нақты айтпады.
Айтпақшы, биыл көктемде шыбық егуге бюджеттен қаражат қарастырылмапты. Мұны бас маман қала ішінде жөндеу жұмыстары жоспарланғанымен түсіндірді. Оның бұл жауабы депутаттарды да, қоғамдық кеңес мүшелерін де қанағаттандырмады.
— Бізге ағаш отырғызу картасын неге көрсетпейсіздер? Жөндеу жұмыстары жүргізілмейтін жерлерге тал отырғызуға болмай ма? Қаланың жасыл белдігі жайлы өндіріс орындары мүлде ойланбайтын сияқты, — деді депутат ӘмірТәкішев. Ал қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев қала сыртындағы жыныс үйінділері жанып жатқанын тілге тиек етіп, эколог штатының болмауына облыстық экология басқармасынан келіп отырған бөлімбасшысы Руслан Болатұлының назарын аударды.

Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасов ақпаратта талдау жасалмағанын, жаз ішінде газондарда ақселеу қаптап кететінін, онымен күресу қажеттігін айтты. Сонымен бірге, саяжайлардың жылдан-жылға кемуі де жасыл желек қорының азаюына керіәсерін тигізіп отырғаны сөз болды.
Отырысқа қала құраушы кәсіпорындар өкілдері де шақырылған екен. «Болат Нұржановатындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС күл үйіндісінде 500 түп, станция аумағында 1800 түп ағаш отырғызуды жоспарлапты. Ал ГРЭС-2 станциясы 2 мың түп ағаш отырғызбақшы. «Богатырь Көмір» ЖШС 2022 жылдан бері 8 мың түп ағаш егіп, оған 139 миллион теңге қаржы жұмсаған екен. Биылғы жылытағы 2655 түп ағаш отырғызу көзделген. Алайда кәсіпорын өкілдерінің айтқандары отырысқа қатысушылардың күмәнін туғызды.
— Расымен сонша ағаш отырғызылса, қаланың айналасы ендігі орман болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, дала әлі жалаңаш, жасыл желекбелдігі жоқ. Шаң-тозаңнан тұрғындар тұншығып жүр, — деген депутат Әмір Боранбайұлының сөзін өзге депутаттар да қоштап, санитарлық қорғау аймағында кәсіпорындар жүргізген жұмысқа бақылауды күшейту қажеттігін қадап айтты.
Айтпақшы, мұнымен ТҮКШ бөлімі шұғылдануы тиіс. Сонымен бірге, қалалық мәслихат төрағасы Нияз Құдайбергенұлы облыстық экология басқармасының бөлім бастығы Руслан Болатұлынан да бұл мәселеден тыс қалмауды сұрады.
Ж. Жәлелұлы