
Қаламызда жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысы бар 6 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 бала жарақат алды. Мұндай жағдайлар балалардың жол қозғалысы ережелерін толық білмеуінен, қауіпсіздікке жеткілікті назар аударылмауынан және көлік құралдарын басқарудағы тәжірибесінің аздығынан туындайды.
Полиция қызметкерлері бұл мәселені шешу мақсатында жүйелі түрде рейдтер өткізіп, мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің маңындағы жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тексерістер ұйымдастырылып, тиісті органдарға ұсыныстар жолданған.
Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы ЖПҚБ бастығының орынбасары Медет Бейсенов баяндады. Оның айтуынша, жасөспірімдер арасында скутерлер мен мопедтердің кеңінен таралуы жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне себеп болып отыр. Балалардың жол қозғалысы ережелерін сақтамауы, әсіресе, бағдаршам белгілерін елемеуі, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтарда жылдамдықты шектеу талаптарын бұзуы басты қауіп болып саналады. Сондай-ақ, көптеген жүргізушілер қорғаныс құралдарын, соның ішінде шлем, тізеқап және шынтаққапты пайдаланбайды. Бұған қоса, техникалық талаптардың орындалмауы, яғни, тежегіштердің дұрыс жұмыс істемеуі, жарық пен дыбыс дабылдарының болмауы да апатты жағдайларға әкелуде. Көптеген жасөспірімдер екі дөңгелекті көлік құралын басқарудағы қауіптерді жете түсінбейді, ал ата –аналар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі олардың бұл көліктүрін жауапкершіліксіз пайдалануына жол ашып отыр.
Мамандардың айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріледі, сондықтан оларды тек тіркеуден өткізгеннен кейін және арнайы жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Тіркелмеген мопедтерді басқаруға қатаңтыйым салынады, ал заң талаптарын орындамаған жүргізушілерге әкімшілік шаралар қолданылмақ. Сол себепті полиция қызметкерлері мопед иелерін көліктерін алдын ала тіркеуден өткізуге және тиісті құжаттарды рәсімдеуге шақырды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналар балалардың екі дөңгелекті көліктерді пайдалануына қатаң бақылау жасап, олардың арнайы жүргізушілік дағдыларды меңгеруін қамтамасыз етуі қажет.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін барлық тараптардың жауапкершілігі маңызды. Бұл — тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, ата-аналардың, білім беру мекемелерінің және ең бастысы, көлік жүргізушілердің міндеті.
Ділназ Серікбай
Суретті түсірген: В.Фадеев