
Кейінгі уақытта бұралқы ит пен мысық едәуір көбейіп, қала көшелерінде емін-еркін жүреді. Тайыншадай иттерден тайсалған адамдар жолды айналып өтуге мәжбүр. Жақында ғана тұрғындар Абай көшесіндегі үйдің жанында 8 бұралқы ит жүргеніне шағымданған. Куәгерлердің айтуынша, иттер сол маңда ойнап жүрген баланы қауып алыпты.
Бұрнағы жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң шығарылды. Заң шықты-ау, бірақ оны қолдану қиындық туғызуда. Айталық, жаңа тәртіп бойынша қаңғыбас ит-мысықты стерилдеу қажет. Ережеге сәйкес, стерилизация жасалған жануар арнайы ветеринарлық орынжайда 15 күн болуы тиіс. Бірақ Екібастұз қаласында мұндай процедураны орындау мүмкін емес. Тек Екібастұз ғана емес, еліміздің көптеген қаласында қараусыз жануарларды уақытша ұстау пункттері, зоологиялық жатынжай, арнайы ветеринарлық питомник қарастырылмаған.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы ветеринария басқармасы ветеринария және лицензиялау бөлімініңбасшысы Ғалым Бейсенов, Екібастұз ветеринарлық станциясының басшысы Арман Тәуірбаев осы және басқа да проблемаларды қозғады.
— Бұралқы жануарларды залалсыздандыруға бюджеттен арнайы қаражат бөлінді. Бірақ Екібастұз қаласында арнайы орын болмағандықтан, стерилдеуге қаржы бере алмай отырмыз. Енді ғана қараусыз және қаңғыбас жануарларды ұстауға орын белгіленді. Оның құрылысымен ТҮКШ бөлімі айналысады. Ветеринарлық қызметке әрі қарай жауапты — біз. Тағы айта кететін нәрсе, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын чиптеп тіркеу тәртібі енгізілді. Өкінішке қарай, азаматтар «төрт аяқты достарын» тіркеуге аса ықыласты емес, — деді Ғ.Бейсенов.
Үй жануарларын чиптеу жоғалып кеткен кезде тезірек табуға көмектеседі. Айта кетелік, әлеуметтік әлжуаз топтағы адамдарға ит-мысықтарын чиптеу тегін.
Жоғарыда айтылған жануарларды ұстау орны облыс орталығы — Павлодар қаласында бар. 300 орындық уақытша ұстау бекеті 2024 жылы пайдалануға берілді. Ол жерде қаңғыбас ит-мысықтарды дәрі-дәрмекегу немесе өзге тәсіл арқылы тұқым өрбіту қабілетінен айырады. Ғалым Қуатұлы тұрғындарға ит пен мысықты осындай жерден асырап алуға кеңес берді.
«Уақытша ұстау орындарында алабай, овчарка, ротвейлер тұқымды иттер бар. Соларды кәсіпорындар күзетіне алса, оңды болар еді. Бұл ұсыныспен ірі кәсіпорындарға шықпақпыз», — дейді ол.
Жануарларға жауапкер-шілікпен қарау керек. Ислам дінінде мұсылманның жан-жануарларға қатысты міндеті айқын көрсетілген. Мешітке еркін кіретін жануар — мысыққа да қамқорлық танытады. Сондықтан көзі қызығып асырайтындар адамгершілікті де ұмытпауы тиіс.
— Шақырған жерге шыққанда біздің әрекетімізді біреулер ұялы телефон камерасына түсіріп, әлеуметтік желіге салып жатады. Содан соң, әрине, біз жаман болып шығамыз. Дегенмен әр нәрсенің байыбына бару керек. Біріншіден, біз тұрғындардың өтінішімен ғана шығамыз. Екіншіден, қарғыбауы бар итке тиіспейміз. Бұралқы иттер малға немесе адамға шабуылдап, жарақаттағанда, айналасына қауіп төндіргенде ғана эвтаназиялау шарасы қолданылатынын еске салғым келеді, — деген ветеринарлық станция басшысы Арман Тәуірбаев ветеринарлық қызметті шақыру тәртібін түсіндірді.
Алдағы уақытта Мәжіліс «Жануарларға жауап-кершілікпен қарау туралы» Заңға тағы өзгерістер енгізбек. Бұл жолы иесі табылмаған жануарлардың санын реттеу үшін арнайы орында ұстау мерзімін азайтпақ. Бұған жер-жердегі халықтың шағымы негіз болса керек.
Екібастұздықтар бұралқы иттерге қатысты 577207, 8 708 2773119 нөмірлері арқылы шағымдануына немесе 109, 102 нөмірлеріне жүгінуіне болады.
Суретті түсірген: В.Фадеев