16 наурыз күні таңғы сағат жеті шамасында Павлодар облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 2-полиция батальонының қызметкерлері Тереңкөл ауылынан Екібастұз қаласына келе жатқан жолда Рябиновая көшесіндегі «Клен» бау-бақша аумағында орналасқан үйлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқайды. Тәжірибелі қызметкерлер жағдайды тез бағалап, көмек қажет екенін түсініп, дереу әрекет етті. Үйдің ауласында үрейленген әйел адам көмек сұрап айғайлап тұр екен. Полицейлер еш ойланбастан ғимаратқа кіріп, өрт ошағын анықтап, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа шығаруға көмектесті. Сонымен қатар, олар үйден құжаттар мен бағалы заттарды алып шығуға да атсалысты. Содан соң үйде ешкімнің қалмағанына көз жеткізді.

Көп ұзамай өрт сөндірушілер жетіп, жалын толықтай ауыздықталды. Полицейлер өз кезегінде жедел жәрдем қызметін шақырып, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілуін қадағалады.
Оқиға орнында кәсібилік пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсеткен полиция қызметкерлерінің қатарында полиция старшинасы Сергей Бухмиллер бар. Ол 2007 жылдан бері Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында қызмет атқарып келеді. Құқық қорғау саласында 17 жылдық тәжірибесі бар.
— Полицей болу менің бала күнгі арманым еді. Құқық қорғау саласына деген қызығушылығым мен жауапкершілік сезімім мені осы жолға алып келді. Төтенше жағдай кезінде кез келген адамға көмек қолын созу — біздің басты міндетіміз. Сол күні біз тек қызметтік борышымызды орындадық, — дейді Сергей Бухмиллер.
Полиция старшинасы Сәдуақас Омаров 2006 жылдан бері осы қызметте жұмыс істейді. Өзінің жоғары кәсіби шеберлігі арқасында қиын жағдайларда жедел әрекет етуге дағдыланған.
— Біздің қызметіміз — қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарға көмек көрсету. Біз әрдайым күтпеген жағдайларға дайын болуымыз керек. Бірақ қандай оқиға болмасын, басты міндетіміз — адам өмірін құтқару. Бұл жолы да біз еш ойланбастан әрекет еттік, — дейді Сәдуақас Омаров.
Полиция аға сержанты Валерий Кузьменков 2013 жылдан бері Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында қызмет етеді. Ол құқық қорғау саласына ағасы Сергейдің ықпалымен келген және бүгінгі таңда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында белсенді жұмыс атқаруда.
— Қызмет барысында мұндай жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келдім. Дегенмен мұндай оқиға кезінде әрбір азамат, әсіресе, полиция қызметкері сырт қалмай, көмекке ұмтылуы керек. Өйткені біз адамдардың қауіпсіздігі үшін қызмет етеміз, — дейді полиция аға сержанты Кузьменков.
Полиция старшинасы Қуаныш Балапанов 1998-2000 жылдары әскери борышын өтеп, барлау ротасында старшина және бөлімше командирі болып қызмет атқарған. 2006 жылдан бері полиция саласында. Ол спортта белсенді, еркін күрес және қазақ күресімен айналысады. Бұған дейін де төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет етіп, 2020 жылы көршісінің үйіндегі өртті дер кезінде байқап, қауіптің алдын алған.
— Өрт кезінде ең бастысы — адамдардың қауіпсіздігі. Біз әрдайым бірінші кезекте тұрғындарды құтқару және олардың өмірін сақтау үшін әрекет етеміз. Бұл — біздің қызметіміздің негізгі қағидасы, — дейді полиция старшинасы Қуаныш Бейсембайұлы.
Өз өмірлерін қатерге тігіп, бір отбасының аман қалуына себепкер болған бұл полицейлердің еңбегі жоғары бағалауға лайық.
Ділназ Серікбай
Суретті түсірген: автор