
Қазақ халқының біртуар перзенті, тарихымыздағы тұғыры биiк тұлға — академик Әлкей Марғұланның 120 жылдық мерейтойында бастау алған тағлымды шаралар әлі де жалғасуда. Былтырғы жыл соңында облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен Әлкей Марғұланның бұрын жарық көрмеген «Ежелгі қазақ тайпалары және Қазақ хандығының құрылуы», «Қазақтың сал-серілік дәстүрі» атты еңбектерінің тұсаукесері өтіп, оған академиктің қызы Дәнел Әлкейқызы да қатысқан еді. Бұл кітаптарды басып шығаруда демеушілік көрсетіп, шығынын көтерген азаматтар — екібастұздық Жанат, Қайрат Ибраевтар. Ағайынды кәсіпкерлер, сонымен қатар, Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп мешітінің үлкен залында құран бағыштап, ас беру шарасына да демеушілік жасап, қатысушыларға 1000 дана кітапты тегін таратты.
Осынау игі іс жалғасын тауып, өткен аптада Павлодар қаласында облыстық білім және мәдениет басқармаларының ұйытқы болуымен «Әлкей Марғұлан мұрасы — ұлттық руханиятымыздың қазынасы» атты басқосу өтті. Педагогтар қауымы және кітапханашылардың қатысуымен өткен ауқымды жиын «Олжабай батыр» қорының президенті — Айтмұхамет Борашұлының кіріспе сөзімен ашылып, қос қаламгер — Сайлау Байбосын мен Серік Елікбай Әлкей Марғұлан мұрасы хақында әңгіме тиегін ағытты.
Шарада әсем әнге де кезек беріліп, күміс көмей әнші Әсел Ботаева Жаяу Мұсаның «Баянауылын» асқақтатты. Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әншісі Нұржан Сарқамбаев «Біздің елдің жігіттері — жігіттердің төресі» әнімен алқалы жиынның шырайын кіргізді.
Салиқалы басқосу демеушілер Жанат, Қайрат Ибраевтардың Әлкей Марғұланның «Ежелгі қазақ тайпалары және Қазақ хандығының құрылуы», «Қазақтың сал-серілік дәстүрі» кітаптарының тағы 1400 данасын облыс мектептері мен кітапханаларына сыйға тартуымен түйінделді.
Атап өтерлік жайт, аймақтың білім және руханият мекемелеріне тараған қос кітаптың қазақ тарихы мен мәдениетіндегі орны бөлек. Солардың бірі — «Қазақтың сал-серілік дәстүрі» кітабында бүгінде бізге көне жәдігердей көрінетін «сал-сері» ұғымына анықтама, жан-жақты сипаттама беріледі. Шынымен де, Біржан сал, Ақан сері есімдерін білгенімен, сал мен серінің айырмашылығын байыптап жатқан адам жоқтың қасы. Ал Әлкей атамыз сал мен серiге мынадай анықтама берген: «Сал» — еуропа тiлiмен айтқанда, эксцентрлiк, болмаса өз бағытымен жүретiн бiр аяулы адам. Оның бiр арманы — сылқымдық, кербездiк, киiмдi әдемi киiну, өзiмен қатар жүретiн адамның бәрiнен де қияпатымен де, киiмiмен де артық болу, асып түсу. Ер тоқымының өзi де басқанiкiндей болмайды, алтынмен, күмiспен өрнектелген, ерекше салтанатпен жасатады. «Сал» сөзi киiмдi салпаңдатып кең тiгуден шыққан, сал, салпаң. Әрбiр салдың шалбарының балағы сондай кең, оған бiр кiсi толығымен сыйып кетедi», — дейдi де, «серiні» — серпiлдеуден шыққан, бой жазу, серпер сөзімен бiрдей, шалқыту, асқақтау» деп сипаттайды.
Академиктің мұралары есімізге «сал» сөзінің кейінгі бір жаңғырығындай болған әнші Жәнібек Мәліков (марқұм) есімін түсіреді. Замандасы — ақын Құдайберлі Мырзабектің ұсынуымен ол кісі өз ортасында Жәнібек сал атанып жүрді. Дегенмен одан кейін өнерпаздар арасында «сал» атанған тұлғаларды естігеніміз жоқ сияқты. Десе де ғалымның: «Серiлер — бiрiншiден, атақты мерген, екiншiден, саятшы, сұңқармен, лашынмен, тұйғынмен қызық көрушi, тұлпар аттың ең жүйрiгiн қадiрлеп баптаушы. Онымен қабат халықтың рухани тiрлiгiнде, ойын-сауығына да ерекше қуат берiп, оны биiкке көтерушi», — дегеніне сүйенсек, есіміне «сері» сөзі қосақталмағанымен, арамызда серілер жоқ емес…
«Сал, серi — екеуi де өте ескi дәуiрден сақталып келе жатқан халықтың тiршiлiгiне көп жаңалық кiргiзген, әдебиетке, ой-санаға көп әсер еткен қазақ мәдениетiнiң бiр жарқын белгiлерi. Тарих көзiмен қарағанда, серiлiк ту баста түрiк қағанаты кезiнен шыға бастаған. Серiлiктi әдет қылған ойшыл кiсiнiң бiрi — атақты Иоллық деген кiсi. Ол өзiн ғажайып аңшы, мерген, атты әдемiлеп ұстайтын ат сейiл, онымен қатар, ол — асқан ақын, жырау. Ағалары Бiлгi хан мен Күлтегiн қайтыс болғанда оларға арнап эпикалы оқиғаларды әдемiлеп құрып, оны тасқа жазып қалдырған да осы атақты Иоллық тегiн», — дей келе, академик «Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыт — ескi дәуiрдегi серiлiктi бастаушының бiрi», — деп, оқырман назарын тереңге тартады. Академиктің пiкiрлерiн тұжырымдасақ, сал-серiлердiң тарихы VIII-Х ғғ. аралығында қалыптасқан, алайда бұл кездерде әлi «ақын» немесе «сал», «серi» деген сөздер кездеспейдi…
Қорыта айтсақ, қазақ руханиятының қоржынына түскен қос кітап оқырманның таным көкжиегін кеңейтіп, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғырта түсері сөзсіз.