Мерекелік шаралар қарсаңында үйде ғана емес, көшеде ас пісіріп сататындар аз емес. Әсіресе биылғыдай Наурыз мерекесі мен Рамазан айы қатар келген тұста тәтті-дәмді пісіріп, саудасын қыздыратындар көбейе түсері анық. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мереке күндері белгісіз сауда-саттық орындарында сатылатын тамақ өнімдерін тұтынудың қауіпсіз емес екенін қаперге салды.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысының орынбасары С.Қымызкенова тамақтан уланудың алдын алуға шақырды.
— Қала мейрамханаларының бірінде болған даулы мәселеден бәрі хабардар. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін сақтық шараларын ұстану артық болмайды. Қазіргі кезде ауызашарды дәмханада жасайтындар бар. Наурыз мерекесінде көшеде торт, бәліш, кәуап сататындар көбейеді. Бұл өнімдерді сатып алғанда тұтынушылар жеке кәсіпкерлердің тағам сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуына назар аударғаны жөн. Мал еті мен өнімдеріне ветаринарлық-санитарлық құжаттар болуы тиіс. Сатып алынатын өнімнің сыртқы түріне мұқият болыңыз. Әсіресе тез бұзылатын заттардың тоңазытқышта сақталуына назар аудару қажет, — деді бұл туралы Сандуғаш Қайратқызы.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қала кәсіпкерлеріне санитарлық қағидаларды бекіту туралы бұйрық негізінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Олардың арнайы киімі мен рұқсат қағазы болуы тиіс.
Орталық алаңдағы мерекелік шаралар кезінде сауда-саттыққа бөлінген орындарда жауапсыз сатушылар санитарлық талаптарды сақтамайды. Тағамдардың сапасы да көңілден шыға бермейді. Әйтсе де кезекке тұрған халықтың рұқсат қағаз сұрап жатқаны бірен-саран ғана. Бәрі де отбасына мерекелік дастарханнан дәм татыруға асығады. Осы орайда СЭББ бұзылған тағам сатқан кәсіпкерге қарсы шағым жазған тұтынушының арызын қарастыратынын ескерткіміз келеді. Шағым негізінде басқарма арнайы мамандар жіберіп, кәсіпкердің тағамдарды дайындау және сақтау технологиясын, тасымалдау тәртібін тексереді.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ