Алаяқтық фактілері азаймай тұр. Көптеген адамның сеніміне кіріп, жұрттың қалтасын қағуға дәндеген алаяқтар таныстары мен туыстарын да аямайды. Павлодар өңірінде 22 адамды алдап, ірі көлемде ақшаларын иемденген К. есімді әйел 2020 жылдан бері азаматтардың басын айналдырып, алдаудың нағыз маманына айналған. Резонансты істің соңғы нүктесін Павлодар облыстық соты қойды.
Ақша көбейту туралы көптеген жобаларға қатысып, халықты сендірудің жолын меңгерген К. жылдам баюдың жолын іздей бастайды. Осы оймен WhatsApp желісінде «ЛайвСтайлер», «Қарлығаш», «Умножайка», «Шанс» деген чаттар ашып, аңғал тұрғындардан ақша жинауға кіріседі. Қатысушылар алаяқтың айтқанына еш күдіксіз сенді, өйткені ол чаттағылардың сеніміне кіру үшін соңынан клиент ертіп келгендерге «алғашқы дивидендтерді» төлей бастаған сыңай танытты. Шын мәнінде бұл қатысушылардан ірі көлемде қаражат тарту үшін жасалған әрекет еді.
Алданған азаматтар ақшаларын К-нің және оның жақын туыстарының есепшотына аударды. Күйеуінің, тіпті кәмелетке толмаған баласының есепшотын қылмыстық ниетіне пайдаланған ол бұл әрекетін отбасынан да жасырған дейді құқық қорғаушылар.
Миллиондаған қаржыны өз қажетіне жұмсаған алаяқтың үстінен полицияға арыз түсіп, К. заң алдында жауап берді. Көп адамға материалдық шығын келтірген К. сотта өз айыбын мойындамады. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы қолданылып, мүлкі тәркіленді.
Аталған қылмыс ауыр қылмыстар қатарына жатады. Сот жаза тағайындау барысында сотталушының кәмелетке толмаған баласы барын, басқа да жеңілдету жағдайларын қарастырды. Азаматтық тәртіпте арызданған 12 жәбірленушінің талабы толықтай қанағаттандырылды.
Дәл осылай алаяқтық жолмен баюды көздеп, азаматтарды алдаған А. есімді әйел 43 943 522 теңгені қалтасына басып қашып жүрген. Таныстарына арзан пәтер әперем деп сан соқтырған әйелдің қамауға алынғаны туралы бұған дейін де жазғанбыз.
А. ақшалы болу жолында туған-туыстарын да аямапты. Пәтер мен үйден басқа, кәсіпкерлерге «аса ірі көлемде тендер ұтып алуға көмектесемін, таныстарым бар» деп үйіп-төгіп уәде берген. Осындай алдау-арбау, тіпті ұрлау әрекеттерінің бәрін ол 2022-2023 жылдар аралығында жүзеге асырған. Сөйтіп, қомақты ақша жинап алған қылмыскердің қолынан ештеңе келмейтінін түсінген жәбірленушілер құқық қорғау органына шағымданыпты.
Сотта А.-ның айыбы жәбірленушілердің куәлігімен, іс құжаттарымен дәлелденді. Судья алаяққа ҚР ҚК 190-бабының 4-тармағы бойынша жаза тағайындады. Айта кетсек, алаяқтық фактісін қарастыратын баптың 4-тармағында еш баламасыз, тек қана бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ауыр түрге жататын қылмыстың жазасы да жеңіл емес. А.-ның жүкті екені, көпбалалы ана және мүгедек баланы тәрбиелеп отырғаны да оған араша бола алмады. Себебі А. алаяқтық жолмен алынған аса ірі көлемдегі ақшаны қайтару үшін еш әрекет жасамаған.
Алаяқтық, өзгенің мүлкін арам жолмен иемдену адамзатты жақсылыққа апарған емес. Қолданыстағы заңнама да азаматтардың құқық қорғайтын болады.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ