Жұмысшы мамандықтар жылына арналған шаралар легі жалғасын табуда. Аталған тақырыпқа орай «Maxi Mall» сауда орталығында жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған «SKILLS JASTAR: мамандықтар көрмесі» өтті. Шараға «mebelyon_ekb» жиһаз салоны, «zakazbuketov.ekibastuz» гүл жеткізу қызметі және «kurak.ekb» қолөнер шебері шақырылды. Олар жиналған жұртқа тегін шеберлік сағатын өткізіп, жұмыстың қыр-сырын бөлісті.
«Mebelyon_ekb» жиһаз салонында он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Боранбай Бейсенбаев жиһаз цехын басқарады. Әрбір ер адам сатып алған жиһазын өзі жинай білгені дұрыс деп санайтын Боранбай бұл күні көмекшілерімен бірге киім шкафын қалай жинауды басынан бастап көрсетті. Айтуынша, аталған цех клиенттің қалауына қарай корпусты жиһаздың кез келген түрін жасайды. Тапсырыс көп. Соған орай жұмысшылар да қажет.
— Еңбек етіп, ақша табамын деген адамға цехта жұмыс табылады, — дейді ол.
Қолөнер шебері Ме-руерт Жұмашева да тапсырыс қабылдап, қолөнер бұйымдарын тігеді. Екібастұз қаласына осыдан үш жыл бұрын оңтүстік өңірден арнайы бағдарлама бойынша көшіп келген Меруерт Әлсейітқызы «Қайнар» ББК-де «Сиқырлы құрақ» қолөнер үйірмесін жүргізеді екен. Меруерттің әуелгі оқығаны эколог мамандығы болса, кейін педагог-психолог мамандығын меңгеріпті. Әйтсе де екі жоғары оқу бітірген қоныс аударушыға Екібастұз өңірінен мамандығы бойынша жұмыс табылмапты.
Қолөнерші музейде, «Атамұра» мәдениет орталығында, мешітте, мектептерде көрме, шеберлік сағаттарын өткізеді. Сауда орталығына жиналған жұртқа жастық тігуді көрсетті.
— Бүгін жастыққа ою салып тігеміз. Жалпы қошқар мүйіз көрпе-жастықтарға, кілемдерге жиі салынады, — деді қолөнерші. — «Анаға қарап қыз өсер» демей ме. Қолөнерді анам он жасымнан бастап үйретті. Көрпе-төсек, үй жабдықтарын тігуді меңгердім. Өзім де білгенімді кейінгілерге жеткізіп жүрмін. 13 жасар қызым іс тіге біледі.
Флорист болу үшін теориялық білімге қоса талғампаздық қажет. Өйткені олар әсемдік пен нәзіктікті өз қолымен жасап, ерекше гүл шоқтарын безендіреді. «Zakazbuketov.ekibastuz» гүл жеткізу қызметінің өкілі Ләззат Серікқызы қыздарға гүлдерді үйлестіру туралы айтып, ораудағы және қораптағы гүлді безендіру жолдарын көрсетті.

— Қарапайым флорист болуды 1-2 айда меңгеруге болады. Дегенмен бұл шығармашылық жұмыс екенін ұмытпаған жөн. Мысалы, менің бұл іспен шұғылданғаныма екі жыл болыпты. Күн сайын жаңа нәрсені үйреніп, жасап шығарамыз, — дейді Ләззат.
Көрмені тамашалауға келген қыздар гүл әсемдеу мен тігін ісіне қызығушылық білдірсе, ерлер жағы жиһаз жинау ісін бақылады. Жастар орталығы мамандары көпшілікке сұрақтар қойып, белсенді қатысушыларға жиһаз салоны дайындаған сыйлықтарды таратты. Шара соңында орталық басшысы Еркін Құсан жұмысшы мамандықтар жылына арналған шараға үлес қосқандарға алғысын білдіріп, сыйлық табыс етті.
Гүлсана МЕДЕУБАЙ