1992 жылы шаһарымызда тоқыма кәсіпорны — «Қазақ зағиптар қоғамының Екібастұз оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылған болатын. Мақсаты — мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту.
Кәсіпорында тоқу, тігін цехтары бар. Тігу бөлімінде жұмыс қолғаптары тігіліп, тоқу цехында жіптен қолғап тоқылып, оған станокпен резеңке жапсырылады. Сонымен қатар, металл сымнан қырғыш бұйым өндіріледі. Бұл өнімдер Екібастұз, Павлодар, Қостанай, Петропавл қалаларына жеткізіліп отырады. Әуезов көшесі, 79 мекенжайында бұл кәсіпорынның көпшілік шаралар өткізетін орны бар, онда түрлі спорттық шаралар, шахмат, дойбы, домино, тағы басқа ойындар өтіп, жаңажылдық және Наурызға арналған кештер ұйымдастырылады.
Кәсіпорында еңбек өтілдері 15-20 жылдан асатын 35 жұмысшы бар. Инженер Бауыржан Өмірбаев, мастер Талғат Омаров, шаруашылық меңгерушісі Раушан Әбуова — кәсіпорын жұмысын алға бастырып келе жатқан ерен еңбеккерлер.
Тігін цехында 15 адам бар. Мастер Алтын Құсайынова бастаған Лаура, Елена, Еркежан, т.б. тігіншілер — өз ісін жетік білетін мамандар. Тоқу цехындағы Сашка, Назымбектер де мақтаулы жұмысшылар. Жалпы, мұндағы жұмысшылардың бәрі де өз ісін жақсы меңгерген, кәсібіне адал жандар.
Алдағы уақытта кәсіпорын басшысы Қанат Омарханұлы Тұрлыбеков ағаштан жиһаз жасайтын цех ашқысы келеді. «Арманымыз орындалса, тағы 6-7 адамды жұмыспен қамтуға болар еді», — дейді ол.
Ұжымда мүгедектігі бар адамдар ғана емес, колледж бітіріп келген жас мамандар да нәпақасын тауып жүр. Жұмыс қолы тұрақты, өйткені жалақы уақытылы беріледі.
Ұйымшыл ұжымға қарап, данышпан Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деген нақылы еске түседі…
Рымкеш Мұсабекова, «Отарқаның» штаттан тыс тілшісі