Бұрын сырттан келген театр әртістерінің өнеріне тамсанып жүрген біз былтырғы жылы жергілікті өнерпаздар күшімен қойылған «Бір түп алма ағашы» спектаклін көріп таң қалған едік. Содан бері көрермен назарына енді қандай қойылым ұсынады екен, қашан көреміз деп күтумен болдық. Көптен күткен сол күн туып, 26 ақпан күні «Өнер» мәдениет сарайында «Танакөз» спектаклінің премьерасы өтті.
Бұл жолы да залға көрермен лық толып, өздеріне таныс өнерлі қыз-жігіттердің сахнадағы ойынына тәнті болып, қойылым аяқталған соң әртістер труппасы мен спектакльді қоюшы режиссер Бибіажар Диханға тік тұрып қошемет көрсетті.
Ақын Мұхтар Шахановтың жас кезінде жазған «Танакөз» поэмасы — ғажайып лирикалық дүние. Поэма сюжетіне достық пен махаббат арқау болған. Спектакльде автор рөлін ойнаған Бауыржан Кәкімовтің «Үшеу едік. Қайда барсақ — қасымызда Танакөз, Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез» деген ашық дауысы баурап алған көрермен одан арғы оқиға желісін бір демде тамашалады.
— Біздің қатал тағдырымыз
қалай шебер тоғысқан,
Екеуміздің әкеміз де
оралмады соғыстан.
Бір-бірінен жан аяспас дос
болыпты олар да,
Дос болыпты. Біздің достық
содан өнген болар ма?
Әкелері майданда қаза тапқан екі дос — Мұхтар мен Мұратқа көзі танадай жарқыраған Танакөз де достығын ұсынып, үшеуі серттеседі. Бала күнгі Мұхтарды — Әмір Сансызбаев, Мұратты — Жолбарыс Хуатхан, Танакөзді Нұрсұлу Оразтай сәтті бейнелей білсе, ер жеткен Мұхтарды — Болатбек Шаланов, Мұратты — Нұрмағанбет Захан, бойжеткен Танакөзді Балнұр Сапарғалиева ойнап, ішкі жан дүниелерінде болып жатқан өзгерісті — таза достықтың ғашықтық сезімге ұласуын, таңдау жасаудағы толғанысты көрермен жүрегіне жеткізе білді.
Спектакльде оқиғаның одан әрі қалай өрбігенін тәптіштеп айту қажет емес. Қойылымды көрген көрермен оған қанық. Біз спектакльде қамтылған әртістер туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Бригадир Қоғамбай — Жомарт Қабыкенов, Нұргүл апа — Гүлбаршын Сәбитова, Оралхан — Азамат Қабыкенов, Зергүлдің анасы — Гүлжаһан Миртемірова, Зергүл — Мерей Мұрат, сонымен қатар, қосымша рөлдерде ойнаған Саябек Жеңісбек, Бекарыс Абдулла, Дариға Бауыржан, Айша Хаипова, Ульзана Жакеновалардың режиссер жүктеген үлкенді-кішілі рөлдерді сахнада шынайы шығару үшін бір айға созылған репитициялар кезінде тер төккені анық байқалды.
— Екібастұз қаласында спектакль қоюды маған «Өнер» мәдениет сарайының директоры Талғат Қайратұлы ұсынды. Ойлана келе, иницировкасы жасалған «Танакөзді» сахналауды ұйғарып, тәуекелге бел будым. Алғашқыда кәсіби әртістердің кемдігі алаңдатып еді, өнерпаздармен таныса келе күмәнім сейілді. Аз күннің ішінде біртұтас труппа жасақталып, әркімнің қабілетіне қарай рөлдер бекітілді. Әрине, қойылымның бағасын көрермен береді емес пе, десек те әртістік құрам менің көздеген ойымды жеткізе білді деп есептеймін, — деді спектакль режиссері Бибіажар Дихан.
Осы тұста жас режиссер туралы мәлімет бере кетейік. Бибіажар Дихан — Баянауыл ауданы Жұмат Шанин атындағы ауылдың тумасы. Сол ауылдағы Қошке Кемеңгеров атындағы мектепті бітірген соң, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алып, кино және театр режиссері мамандығын меңгерген. Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфулин атындағы қазақ драма театрында, Астана қаласындағы Жастар театрында режиссер болып қызмет етіп, спектакльдер қойған.
Негізі, режиссерге ой ұшқырлығы, суреткерлік қабілет қажет десек, «Танакөзді» сахналау кезінде Бибіажар Диханның көп ізденгенін байқадық. Сахнадағы декорация, оқиға желісіндегі қуаныш пен шаттықты, мұң мен қайғыны әсерлі жеткізу үшін орындалған әндер, әртістердің көрермен арасына еніп кетуі немесе залдың қапталдағы есігінен жарқ етіп көрініп сахнаға беттеуі — бәрі-бәрі ешкімді бей-жай қалдырмай, қойылымға әр мен сән берді деуге әбден болады.
Айтпақшы, спектакльдің сәтті шығуы жалғыз режиссер еңбегі ғана емес, суретші, музыкамен әрлеушілердің үйлесімді жұмысына да байланысты. Одан қала берді, сахна сыртында қаншама адам қызмет көрсетеді. Кәдімгі театрда мұның бәріне штат қарастырылған, ал «Өнер» мәдениет сарайында мұндай мүмкіндік жоқ болғандықтан, ұйымдастыру іс-шараларын мекеме директоры Талғат Сағынтаев жауапкершілігіне алғанын айту ләзім. Сонымен бірге, қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімі басшысы Жанар Тоқсамбаева спектакльге қамтылған әртістердің репитицияларға үнемі қатысуына мүмкіндік туғызған екен.
Сөз соңында айтарымыз, нағыз достық пен шынайы махаббатты дәріптеген «Танакөз» осы құндылықтардың қадірі сетінеген бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан адамдарды ойландыруы тиіс. Театрға көрермен көргенін ой сүзгісінен өткізу үшін келеді десек, спектакльден кейін әркім өз іс-әрекетін, өмір сүру дағдысы мен салтын таразылауға тырысады деп білейік.
Ж. Жәлелұлы