Екібастұздық жас палуандар Өскемен қаласында өткен ел чемпионатынан олжалы оралды. Жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер және қыздар күрескен чемпионатта 1300 палуан бозкілемге шыққан еді. Солардың арасында Павлодар облысы құрама командасы сапында екібастұздық өрендер де болып, команда қоржынына 1 алтын, 1 қола медаль салды
Атап айтқанда, 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасында 82 кило салмақта №18 қазақ мектебінің оқушысы Файзолла Теміртас чемпион атанды. Ол «Жасыбай» спорт мектебінде жаттығады, бапкері — Нұрболат Өтепбергенов.
Ал 2010-2011 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында 75 килодан жоғары салмақта №12 мектеп оқушысы Төлеген Әли жүлделі үшінші орыннан көрінді. Ол №3 БЖСМ-де жаттығады. Жаттықтырушысы — Ербол Макратов.
Сонымен қатар, осы спорт мектебінің жас палуаны Қуаныш Әнуарбек те тәп-тәуір күресіп, төрт белдесуді ұтса, Әлижан Жаңбырбаев жартылай финалда ұтылып, қола медальға ие болу мүмкіндігін жіберіп алды. Әйтсе де жаттықтырушы Сәрсенбай Болатовтың айтуынша, бұл екі палуан тактикалық және психологиялық дайындықтарын тағы пысықтай түссе, талай жарыста жүлдегер болады деген үміт бар.
Таяуда №3 БЖСМ-нің жас палуандары Қарағанды облысы Шет ауданында болған жарысқа да қатысып келді. Мұнда да жерлестеріміз шеберлігімен танылды. 35 кило салмақта №36 мектеп оқушысы Дәулетхан Санжар жеңімпаз атанып, №11 мектеп оқушысы Әлихан Батқұлов екінші орынды иеленді.
38 кило салмақта №18 мектеп оқушысы Нұрәли Әміре жеңіс тұғырына көтерілді. 60 килодан жоғары салмақта №26 мектеп оқушысы Докторхан Дінмұхаммед пен Зеленая роща ауылындағы Қажыбек Алғамбаров атындағы мектептің оқушысы Заур Алғамбаров жүлделі үшінші орынды еншіледі. Бапкері — Айбын Уахитов. Айтпақшы, қаладағы №3 БЖСМ-ге қарайтын бөлімшеде бүгінгі күні жиырма шақты бала қазақ күресінің айла-тәсіліне қанығып жүр. Келешекте олардың арасынан мықты палуандар шығары кәміл.
Ж.Бұланбай