«Қорғау» жеке қоры Екібастұз қаласында 2022 жылы дағдарыс орталығын ашты. Содан бері 20 төсек-орындық орталық қиын жағдайға тап болған, отбасында зорлық көрген әйелдерге пана болып келеді. Ақпанның соңғы күнінде орталыққа БАҚ өкілдері маңдай тіреді.
Дағдарыс орталығында жаңа жылдан бері өзгерістер бар екен. Соның бірі — орталы жұмысын үйлестіруші қоғамдық қызметкер өзгеріпті. Қазір мұндағы жұмысқа Сәбира Тілекберді жауап береді. Сәбира Дүйсенқызы бұған дейін балалар үйінде жұмыс істеген. Психологиялық қысым көрген әйелдермен де, олардың балаларымен де сөйлесудің жөнін біледі. Балалардың бос уақытын өткізумен Кәмила Қанатова айналысады. Мұнда келгендердің тамағы мен жатын орны тегін екені белгілі. Одан басқа, әйелдерді жұмысқа орналастыру, балаларды мектептер мен балабақшаларға орналастыру мәселесімен әлеуметтік қызметкерлер айналысады.
— Бүгінде орталықта 9 бала, 4 әйел тұрып жатыр. Материалдық жағынан жақсы қамтылған. Психолог осында келіп аналармен, қажет болса олардың балаларымен сөйлесіп, кеңес береді. Тұратын жерлері жылы, тамақты уақытымен ішеді. Дастарханға жеміс-жидектер қойып, олардың тамағын құнарлы, әр алуан етуге тырысамыз, — дейді орталықтың жаңа үйлестірушісі.
Тамақ демекші, орталықтағы тағы бір жаңалық, биылдан бастап бұл жерде тамақты арнайы аспаз дайындайды екен. Сол үшін штатқа арнайы аспаз бірлігі енгізілген. Әйелдер орталығына аспаздың қажет болу себебін С.Тілекберді былай түсіндіреді:
— Әйелдер мұнда әр түрлі жағдайда келеді. Бірінің жарақаты, енді бірінің қайғысы бар. Ондай жағдайдағы адамға тамақ дайында деудің өзі артық секілді. Аналар баласының жағдайын жасасын деген оймен аспаз жалдауды ұйғардық.
Дағдарыс орталығы түрлі тағдырлар тоғысы секілді. Бірін-бірі танымайтын адамдар осында танысып, балалары бірге араласып ойнап кетеді. Бірнеше айда туыс секілді болып, бір-бірімен қимай қоштасатындары бар. Жарты жылда жан жарасы жазылмай, саяқ жүретіндері де жоқ емес.
Екінші қабатқа көтерілгенде жас қызды көріп, әйелдердің бірінің баласы болар деп топшыладық. Сөйтсек, күйеуінен әлімжеттік көрген соң, жасқа келмеген сәбиімен пана іздеп келгендердің бірі екен. Мұнда келгеніне ай толмапты. «Бәлкім менің басымнан өткен жай басқаларға сабақ болар» деген жас келіншек өмірі туралы баяндап берді.
Он сегізге жаңа толған І курс студенті жас жігітпен сөйлесіп жүрген. Сымбаты келісті, көлігі бар көркем жігіттің сөзі де ұнады. Екеуі сөйлесіп жүргеніне көп болмаған еді. Әрі үйлену, отбасын құру туралы да сөйлеспепті. Сөйте тұра демалыстың бірінде қыдыруға шақырған жігіт қызды үйіне алып қашып келеді. «Сөзі, ойы дұрыс көрінді. Әрі мені жақсы көріп тұрғанына, отбасын құрғысы келетініне сендім», — дейді кешегі күнін еске алған келіншек.
Сөйтіп, екеуі жігіттің үйінде бірге тұра бастады. Алғашында бәрі жақсы көрінген. Енесі мен қайынапасының ішімдікке әуес екенін кейін білді. Күйеу жігіт ішімдік ішкені өз алдына, шөп шегетін болып шықты. Мұндай күндері әйелінің аяғы ауыр екеніне қарамастан қол жұмсайды екен. Орталыққа келгенге дейін де бірнеше рет кетуге оқталған екен, күйеуінің «өзгерем» дегеніне сеніп қалыпты. «Анасы мен апасы ұрсысса да, күні сәтсіз болса да, ең аяғы жалақыны аз алса да мені кінәлайтын. Ойлана келе ажырасқаным дұрыс деп шештім», — дейді жас ана.
Ажырасып, құжаттарын реттеген соң мамандығы бойынша жұмыс істемек. Бірақ басқа қалада. «Сәбиім балабақша жасына келгенше әке-шешем көмектеседі. Әрі қарай жаңа өмір бастаймын» — деді кішкентайын бауырына қыса түскен ол.
— Әйелдерге психолог пен заңгерлер көмегі, медициналық көмек көрсетіледі. Жарты жылда баспана проблемасы шешілмеген әйелдерге орталықта әлі де тұруға мүмкіндік берген жағдайлар болды, — дейді дағдарыс орталығымен тығыз жұмыс істейтін Бақытгүл Сейтқалиева. Полиция майоры Б.Сейтқалиева — Екібастұз қаласы жергілікті полиция қызметі бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы.
Дағдарыс орталығынан шығып бара жатқанымызда учаскелік полицей тағы бір отбасылық зорлық құрбанын әкеліп жеткізді. Ажырасқанымен аңдуын қоймаған бұрынғы күйеуі аңдаусыз есікті ашып қалған әйелге пышақ тығып үлгеріпті. Жарақаттанған қолындағы бір саусағын кесу қаупі төніп тұрған секілді. Ауырсынғанына қарамай баласын бауырына қатты қысып алыпты…
Құқық қорғаушылар әйелдің бұрынғы күйеуіне қатысты шара қолданылып, қорғау нұсқамасы шығарылатынын айтты.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ