Елімізде кәсіпкер әйелдер қатары артып келеді. Олардың, әсіресе, шағын бизнестегі жетістіктері ерекше атауға тұрарлық. Әйелдерді кәсіпкерлікке айналысуға итермелейтін балаларын қатарынан кем қылмай өсіруге деген құлшыныс екені сөзсіз. Бала күтімімен отырған жас аналарды да жігерлендіретін осы болар, сірә. Кейіпкеріміз Айсұлу Букаеваны бизнеске әкелген дәл осы тілегі десек, қателеспейміз.
Америкалық миллиардер Джон Рокфеллердің «Ақшаңыз болмаса, бизнес бастау керек, егер ақша мүлдем болмаса, шұғыл түрде бизнеспен айналысу керек» деген сөзі болашақ кәсіпкерлерді ынталандыра түседі. Әйтеуір қарап отыруға болмайды дейді мұнай алпауыты. Айсұлу да өз кәсібін табыс көзі азайған шақта қолға алғанға ұқсайды. Бірнеше жұмысты қатар алып жүрген әрі педагог, әрі кәсіпкер А.Букаева туралы әңгімемізді әріден бастайық.
Алтай өлкесінде туған Айсұлу Екібастұзға бала кезінде келіп, осында мектеп бітірді. Павлодар қаласында жоғары білім алды. Мамандығы — педагог, мектепте бала тәрбиесімен айналысты. Өзінің бір ұл, екі қызы бар. Солнечный кентіндегі №28 мектепте жұмыс істеп жүріп, 2017 жылы табысын арттыру мақсатында тәттілер пісіре бастапты. Әуелгіде сол кездері хит болған «Сүт қыз» (молочная девочка) тортын пісіріп жүрді. YouTube каналын ақтарып, бірте-бірте басқа да тәтті-дәмділерді дайындауды үйренді. Осылайша хоббиін сүйікті кәсібіне айналдырды. Алғашқы кездері айына 5-6 тортқа тапсырыс алғанын қанағат тұтатын. Кейін клиенттер саны артып, ассортименті де сан алуан болып түрленді. Бүгінде 70-тен аса тәттілер түрін дайындайды.
Бірнеше жыл бұрын Екібастұз қаласына қоныс аударды. №18 мектепке жұмысқа орналасты. Пәтер кезегі келіп, баспаналы болды. Мұнда да қарап отырмай, қолынан келетін берекелі ісін жалғастырды.
— Кез келген істі бастар кезде адамда күмән болуы заңды. Тапсырыс қабылдай бастағанымда қолымда тек қарапайым миксер мен шағын электр пеші болды. Бес жылдан кейін ғана ас үй комбайнын алып, уақыт үнемдей бастадым. Алғашқы сәтсіздігім маған өмірлік сабақ болды, — деген кәсіпкер өткенге көз жүгіртті.
Бір жолы Айсұлу Оразхан-қызы тойға 25 торт пісіруге тапсырыс алыпты. Мұндай клиент күнде бола бермейді. Жұмыстан ертерек босап, сенбілік тойға дайындалған келіншектің жалғыз ескі пеші сыр беріп, жанып кетпесі бар ма. Амал жоқ, той иесіне хабарласып, кешірім өтінді. Тұтынушы түсіністік танытты. Сол оқиғадан бері аманаттап алған әрбір тапсырысына бұрынғыдан да мұқият қарап, тәттілерді дастарханға апарып қойғанша тыныштық таппайды. Азық-түлік әкелуге үлкен ұлы көмектессе, қыздары асүйде қолғабыс етеді.

Жұмыс көбейгелі бар шаруасын үй жағдайында тындырып жүрген кәсіпкер келіншектің асүйі тарлық етті. Әсіресе, мейрамханалардан ірі тапсырыс түскенде қиындық көрді. Сол себепті Айсұлу цехқа орын іздестіре бастайды. Бұл ойы биыл жүзеге асты. Құрбысы Раушангүл Жұмажанова екеуі асхана ашып, оны «Шайхана» деп атады. Айсұлу тәттілер дайындаса, Раушан апай ыстық тамақ пісіріп, тұтынушылардың көңілін табуда. Өздерінен басқа 5-6 адамға жұмыс ұсынып, қоғамға үлес қосып келеді.
«Бүгінге дейін көптеген тойлардың шайханасын дайындап жүріп, қаншама адамның алғысын алдым. Содан болар, шүкір, ісіміз оңға басып келеді. Өмір кейде қатал болғанымен, іздеген жан ризығын табады. Өмір маған мойымауды үйретті. Сәтсіздіктерге сабыр ете отырып, соңы жақсылыққа әкелеріне сендім. Кәсіп бастаймын деген аруларға да айтарым осы. Батылдық танытыңыз! Әйелдің қолынан келмейтін іс болмайды. Адам өз тағдырын өзі жасайды. Ең бастысы, өз ісіңізді сүйе біліңіз. Сүйікті ісіңді бизнеске айналдыру — табыстың кілті», — дейді өжет әйел.
Айсұлу Оразханқызы ұл-қызының сапалы білім алғанын қалайды. Ұлы энергетика саласын таңдаған екен. Ал үлкен қызы спортқа жақын. Кенже қызы таңдауын жасамапты. Бәлкім, анасына тартып, кондитер болар…
«Арман-мақсат айқын болса, қол жетпейтін биік жоқ» деп санайтын А.Букаева алдағы уақытта кәсібін әрі қарай дамытып, өз алдына шайхана ашуды ойлап жүр. Сол жолда еңбек етіп, тер төгуге дайын.
Мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, арнайы санаттағыларға жеңілдетілген несие бағдарламаларын да ұсынады. Айсұлу бұл санаттың ешқайсысына жатпайды екен. Осы орайда ол іс бастаған нәзік жандыларға, толық емес отбасына арналған жеңілдетілген несие бағдарламалары іске қосылса деген тілегін жеткізді. Мұндай мүмкіндіктер шағын және орта бизнесті көркейтуге жол ашары хақ.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ