Қаламыздағы «Достық үйінде» он үш этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бірлестік мүшелері бір мақсатқа жұмылып, татулық пен ауызбіршілік бағытында қызмет етеді. Жыл сайын «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» тақырыбымен өтетін облыстық этномәдени фестивалі этнос өкілдерін ынтымақ жолында үйлестіре түсері сөзсіз. Ортақ үйдегі мәдени шаралардан тағдыры қазақ халқымен бірге өріліп келе жатқан этностардың достықты дәріптеп, патриоттықты насихаттайтыны көрінеді.
Осындай бірлестіктердің бірі — «Чосон» 1992 жылдың 18 ақпанында құрылған. Бірлестікті құруға 1990 жылдың мамырында кеңес корейлері бүкілодақтық қауымдастығының Павлодар қаласында өткен құрылтай конференциясы мұрындық болған екен. Алғашқы төрағасы — Владимир Хидюнович Ким алғашқы күннен бастап-ақ корей тілі мен ұлттық мәдениетін жаңғыртуға және дамытуға күш салып, оларды ұлтаралық келісімді нығайту жөніндегі белсенді жұмысқа тарта бастады. Бұл қызметті бүгінде бірлестіктің қазіргі басшысы Наталья Станиславовна Цой жалғастырып келеді.
«Чосон» этномәдени бірлестігінің құрамында 15 мүше бар. Дегенмен бірлестікке келетіндер саны мұнымен шектелмейді. Орталықтың мәдени-спорттық шараларына мектеп оқушылары, студенттер, жұмысшылар, зейнеткерлер тартылады.
— Бұрын әр бірлестік белгілі бір кәсіпорынға бекітіліп, қалалық шараларды өткізгенде қолдау көрсетілетін. Бұл мәдени құндылықтарымызды танытуға зор демеу еді. Өкінішке қарай, қазір мұндай тәжірибе қолданылмайды, — деген бірлестік төрағасы Наталья Цой орталықта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Сонау сталиндік қуғын-сүргін кезінде қазақ еліне жер аударылған корей халқы бүгінде жергілікті жұртпен біте қайнасқан. Қазақстан отанына айналған корейлер ғылым-білім, мәдениет, денсаулық саласына үлес қосуда. Қиын жылдары құшақ жая қарсы алған қазақтың кең пейіл көңілін корей халқы ұмытпақ емес. Ол туралы ортақ шаңырақ — «Достық үйінде» өткен алғыс айту сағатында айтылған болатын. Аталған шарада «Достық үйіндегі» этнобірлестік өкілдері қазақ халқына ізгі лебіздерін білдіріп, жүрекжарды тілектерін жаудырды.
Жалпы, қазақ пен корей мәдениетінің ұқсас тұстары көп. Екеуі де Алтай тілдері тобына жатады. Сондықтан болар, грамматикалық сәйкестіктер жиі кездеседі. Тіпті 300-ге жуық сөздері ұқсас екен. Наталья Цой талап болса корей тілін тез-ақ үйренуге болатынын айтады.
«Корейлер мен қазақтың ең басты ұқсастығы — аға буын өкілдеріне құрмет пен ізет көрсетуі дер едім. Отбасылық құндылықтарды жоғары бағалайды», — дейді бұл туралы Н.Цой.

Қазақтың тұсау кесуге келіңкірейтін рәсімі корейлерде де бар. Бұл рәсім «Асянди» деп аталады. Сәбиді әдемі киіндіріп, тәй-тәй басқызып ортаға алып шығады. Осы жерде айта кетсек, кейінгі кезде тұсаукесерден соң баланың алдына түрлі заттарды қойып, болашағын таңдату — корей халқынан алынған рәсім. Бала туғанда сүйінші сұрау екі халықта да бар.
Тағы бір ұқсастық — қалыңдыққа сырға салу мен құдалық салты. «Ченчи» рәсімінде ағайын-туыс жиналып, жігіттің туыстары қызға сырға сыйлайды. «Сямири» дегені қазақтың құдалығы секілді. Мұнда, әсіресе, ата-анаға зор құрмет көрсетіліп, ең құрметті орын — төрге отырғызылады.
Кәрістерде руға келіңкірейтін әлеуметтік бөлініс бар. Бұл да біздің халқымыздың діліне жақын. Оңтүстік Кореяда қандас некеге тыйым салынған. Екі-үш атадан қосылатын ағайындар бір-біріне үйленуіне болмайды.
Мәдениет туралы айтқанда, қазақ пен корейдің қолөнердегі, музыкалық аспаптарындағы бірегейлікті атамауға болмас. Айталық, қазақтың жетіген деген аспабына корейдің «каягым» деп аталатын саз аспабы қатты ұқсайды. Ал «кульги» деген әткеншектері той-думандағы алтыбақанды еске түсіреді.
Археологиялық қазба кезінде табылған кілемдердегі оюлар Чосон алғашқы корей мемлекеті мен ғұндардың қолөнер бұйымдарындағы ұқсастықты көрсеткен.
Бұрнағы жылдан бері корей этнобірлестігінің жұмысы жаңа қарқынмен жандана бастады. Мұнда Оңтүстік Кореядан келген педагог, волонтер Ким Тэ Джунның да қосқан үлесі бар. Тэ Джун «Достық үйінде» аптасына 2 рет корей тілі курсын өткізеді. Курсқа он бес адам қатысады. Жас волонтер былтыр «Kim_ssam_laon» дәмханасын ашқан, өзі сонда аспаз болып жұмыс істейді. Заманауи корей стилінде безендірілген дәмхана жастардың жиі бас қосатын орнына айналған.
— Курсқа кез келген адам жазылуына болады. Ең бастысы, топ жиналатын уақытты өткізіп алмаса болғаны, — дейді бірлестік басшысы. — Корей тілі көп жылдан бері оқытылып жүр. Бітірушілерге тілді меңгергенін растайтын TOPIK сертификаты беріледі. Кейде жастар сабақтың орнына корей тіліндегі тарихи фильмдерді көріп, ойын ойнайды. Бұл тілді тезірек меңгеруге көмектеседі.
«Чосон» этнобірлестігі жыл сайынғы корей мәдениеті фестиваліне белсенді атсалысады. Былтыр Оңтүстік Кореядан келген волонтерлерді қарсы алып, «Достық үйінде» ұлттық ойындар өткізді. Оригами-ханбок және зергерлік бұйымдар көрмесін ұйымдастырды.
— Қонақтарды биыл да күтеміз. Одан басқа, Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған ауқымды шараға атсалыспақпыз. Мерейтойға ән-би және ойындар дайындаймыз, — деп жоспарларын бөлісті Наталья Цой.
Атаулы датаға «Достық үйінің» барлық шығармашылық топтары қатысып, өнер көрсететін болады. Ассамблея аманатын арқалаған этномәдени бірлестіктер бұдан әрі қарай да қоғамдағы саяси тұрақтылықты нығайтып, ұлысты ұйыстыруға күш салады. Шынайы күш — бірлікте.
Гүлсана МЕДЕУБАЙ