ІІ дүниежүзілік соғыс тарихын парақтасақ, сол жылдары республикамызда танкілер мен ұшақтар жасау үшін ақша жинау қозғалысы жүргізілгені белгілі. 1941 жылы күзде БЛКЖО (Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы) атындағы танк колоннасын құруға қаржы жинау басталды. Нәтижесінде 1942 жылы армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа танк алды. 1942-1943 жылдары халықтан жиналған қаржыға 10 танк колоннасы, бірнеше авиация эскадрильясы, торпедалық катерлер мен жеке ұшақтар жасалды. Жалпы, соғыс жылдары Қазақстан халқы әскери техника жасауға 480,3 млн. сом қаржы қосты.
Қазақтың белгілі балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов танк жасау қорына жеке қаражатынан 100 мың сом өткізген. Майданға көмек берген мұндай ерлер Қазақстанның қай түкпірінен болса да табылып жатты. Мәселен, Баянауыл ауданындағы «3-бесжылдық» колхозының 75 жастағы қарт мүшесі Молша Шағалин танк жасау қорына 50 мың сом өткізіпті.


Молша Шағалинның өмір жолын Қалмұқан Исабаев өзінің «Лена қырғынында болған баянауылдықтар» атты еңбегінде толық сипаттайды («Сарыарқа самалы», 2000 жылғы 26 ақпан).
Жазушының әңгімелеуінше, 1915 жылы Баянауылдың жігіттері ағылшындар Екібастұзды ашатын болыпты дегенді естіп, осында келеді. 1918 жылдың көктемінде Екібастұзда үлкен митинг өтеді. Царев пен Егеубаев сөз сөйлеп, Кеңес өкіметін жариялап, ағылшындарды кен басынан қуып шығады. Молша баласы Ыбырай екеуі бірі шахтер, екіншісі оттықшы болып істейді. Ол кезде Екібастұзды аштық жайлаған. Көпшілік «Ленин бізді бұл қалпымызда қалдырмайды, жағдайды түзейді» деп сенді. Айтқандай-ақ, 1919 жылдың қысында Еңбек пен Қорғаныс Кеңесінің арнаулы қаулысымен Екібастұзға көп көмек көрсетіледі. Азық-түлік жеткізіледі.
Молша Шағалин туралы мақаланың толық нұсқасы газеттің 27 ақпандағы №9 санында.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА