Жайдарман — жай ғана сахналық өнер емес, қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді астарлы әзілмен жеткізетін зияткерлік сайысқа айналды. Ойынның басты мақсаты — көрерменге ой тастау, өзекті жайттарға күлкі арқылы назар аударту. Уақыт өткен сайын бұл сайыс жаңа форматтармен толығып, заман талабына сай жаңашылдықтар енгізіліп келеді.
Осы орайда 14 ақпан күні «Өнер» қалалық мәдениет сарайында білім беру бөлімі және кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Екібастұз қаласының мұғалімдері арасында КВН (жайдарман) ойыны өтті.
Ойын барысында мұғалімдер өздерінің кәсіби өміріндегі жаңашылдықтарды, мектептегі түрлі оқиғаларды, оқушы мен ұстаз арасындағы қызықты әрі күрделі жайттарды шеберлікпен сахналап, әзіл үлгілерін көрсетті. Көңілді тапқырлар сайысына 20 команда қатысып, өздерінің ұтымды ойларын, тапқырлығы мен актерлік шеберлігін ортаға салды.
Жарыстың алғашқы кезеңінде әр команда өздерін таныстыру арқылы көрерменге ерекше стильдері мен ойын бағытын көрсетті. Ал «Бес әзіл» кезеңінде мұғалімдер өздерінің кәсіби өмірін әзілмен өрнектеп, ұстаз мәртебесін көтеруге қатысты ойларын жеткізді. Сахнада өзін-өзі ұстау, сөйлеу мәдениеті, экспрессия — барлық аспектілер жоғары деңгейде орындалды. Мұғалімдердің бұл өнері кәсіби жайдарманшылардан еш қалыспайтынын дәлелдеді.

Барлық команданың дайындық деңгейі жоғары болғандықтан, қазылар алқасына жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. Дегенмен қойылған талаптар негізінде үздіктер таңдалды. Нәтижесінде бағы мен бабы келісіп, бас жүлдені №5 ЖОББМ командасы иеленді. Ал ойын барысында жоғары дәрежеде өнер көрсеткен №4 ЖОББМ мен №26 гимназия-мектебінің командалары I орынды қанжығасына байласа, II орынды №7 гимназия-мектебі мен №11 ЖОББМ ұстаздары, III орынды №28 ЖОББМ (Солнечный кенті) командасы иеленді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтар және мадақ қағаздарымен марапатталды.
Сонымен қатар, Екібастұз КВН филиалының директоры Ардақ Алдабергенов № 10 жалпы орта білім беретін мектеп командасына арнайы кубок табыстады. Ал БИЛ мұғалімі Данабек Қуатбай — «Ойын ханзадасы», № 7 мектептің мұғалімі Назерке Мейірхан «Ойын ханшайымы» аталымында марапатталды.
Бұдан кейін Астана қаласында Республикалық «Маусымашар-2025» жайдарман ойыны өтті. Жарыс қорытындысы бойынша екібастұздық «Біз қазақпыз» командасы республикалық жоғарғы лигаға жолдама алды. Сонымен қатар, «ЕПК», «Бантиктер», «Қазақ қыздар» және «One house» командалары республикалық аймақтық лигаға жолдама иеленді. Ал «Екібастұз ұстаздары» мен «Бәкелер» командалары — «Qazaqstan CUP», «Жайылма» командасы «Jaidarman Junior» сайысына бақ сынауға мүмкіндік алды.
Ділназ Серікбай