Қала шетіндегі «Совтрансавто» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмыс бабымен барғанда таңертеңгі қарбалас шақ еді. Ертеңгілік лездеме аяқталып, әркім өзінің міндетіне кірісіп кетіпті.
Автобазаның аумағы ауқымды көлік жөндеу цехынан бас механик Сұңғат Айтымов пен механик Имаш Зухайды кезіктірдік. Екеуі жөндеуге қойылған көліктің карданын құрастырып жатыр екен.
— Осы автобазаға 2007 жылы шопыр болып жұмысқа орналасқан едім. Он жеті жыл табан аудармай еңбек етіп, былтыр қыркүйек айында зейнеткерлікке шықтым. Кәсіпорынға әбден бауыр басып қалған екенмін, басшылар механик болуды ұсынғанда құп көріп, әлі де жұмыс істей тұруды ұйғардым, — дейді Сұңғат Айтымов еңбек адамына тән мінезбен әңгімесін қысқа қайырып.
Тәжірибелі маман Сұңғаттың қасындағы серігі — Имаш Зухайдың мұнда жұмыс істеп жүргеніне көп уақыт болмапты. Соған қарамастан өз кәсібін жетік білуімен танылып үлгеріпті.
— Әке-шешем атамекенге сонау 1991 жылы Баян-Өлгейден көшіп келіп, Май ауданы Қаратерек ауылына қоныстанған. Ол уақытта мен он жас шамасындағы бала едім. Күнкөрістің қамын ойлаған әкем қорапты «УАЗ» көлігін сатып алды. Ескі машина жиі сынып, соны шұқылаған кезінде жанында жүріп техникаға әуес болдым. Мектеп бітірген соң әскери борышымды өтеген шақта да жүргізуші болып, техника сырына қанықтым. Кейін техникалық қызмет көрсету станциясында біраз жұмыс істеп, осы кәсіпорынға келіп орнықтым. Негізі әрнені түртіне бермей, бір орында тұрақты жұмыс істеп табыс табудың жөні бөлек екен. Кәсіби мерекеде құрмет грамотасымен марапатталғанда ағайын-туыс көрімдік беріп, қуанышымды еселеді емес пе. Отбасыңда да абыройың артады екен, — дейді алты баланың әкесі Имаш ақжарқын мінезбен бүкпесіз сөйлеп.
Айтпақшы, отбасының тұңғышы Әділ де осы кәсіпорында шопыр болып жұмыс істейді екен. Біздің кейіпкеріміз Имаш өз баласын ғана емес, өндірістік практикадан өтуге келген Екібастұз политехникалық колледжінің оқушыларын да техника тілін меңгеруге үйретуші тәлімгер көрінеді.
— Былтыр жазда бізге 6 практикант келді. Солардың арасында мамандығына икемді бозбалалар болды. Екеуіне — Бекзат Қасымов пен Кирилл Удовкинге жұмыс ұнап, практика аяқталған соң да екі-үш ай осында еңбек етіп, табыс тапты. Солар сияқты алғыр жастар көп болса, ертеңгі күні аға буынның орнын басады емес пе, — деп, Имаш жұмысшы мамандықтарды меңгеруге мән беріліп отырғанын құптайтынын білдірді.
Айтпақшы, «Совтрансавто» ЖШС-де 100-ге жуық техника бар. Кәсіпорын 24 жылдан бері «Богатырь Көмір» кәсіпорнына қызмет көрсетеді. Жүк пен адам тасымалдайды.
— Автобус жүргізушілері жетіспеушілігі байқалған соң қаламыздағы «Иссауи» автомектебімен шартқа отырып, кәсіпорын қаржысы есебінен шопырларды «Д» санатына оқытуды үрдіске айналдырдық, — дейді автобазаның тыныс-тіршілігі туралы әңгіме қозғалғанда Орынбасар Әлеев — «Совтрансавто» ЖШС құрылтайшысы.
Жалпы, аталмыш кәсіпорын 200-дей адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың ішінде осы автобазада көп жыл тер төгіп, сый-құрметке бөленген азаматтар баршылық. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, адал еңбегімен адал табыс тапқан адамдардың қоғам алдында абыройы әрдайым биік болуы тиіс.
Ж. СӘДУАҚАС