Қалалық коммуникациялар қызметінде санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сандуғаш Қымызкенова қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық талаптардың сақталуы туралы баяндады.
Маманның айтуынша, басқарма мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер, балалар үйлері, сауықтыру лагерьлері мен санаторийлердегі ас мәзірінің нақты нақты талаптарға сай болуына ерекше назар аударады.
Сондай-ақ, білім беру және балалар мекемелерінде тағам дайындаудың арнайы тәртібі бекітілді. Таңғы асқа ыстық тағам, жұмыртқа, сары май немесе ірімшік қосылған бутерброд ұсынылуы тиіс. Түскі асқа салат, бірінші және екінші тағам (еттен, балықтан немесе гарнирі бар құс етінен) және компот, кисель немесе шай беріледі. Бесін аста тоқаштар мен сусындар (сүт, шырын, кисель) ұсынылады. Кешкі асқа көкөніс тағамдары, ботқа немесе ет, балық тағамдары кіреді.
Білім беру ұйымдарында тамақтану аралығы 3,5-4 сағаттан аспауы керек. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептер мен балабақшаларда зертханалық тексерулерден өткен ауыл шаруашылығы өнімдерін ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Ділназ Серікбай