Мемлекеттік органдар жұмысшы мамандықтар жылын мағыналы да нәтижелі етіп өткізуге күш салуда. Осы орайда қала әкімдігінің бөлім басшылары қалалық коммуникациялар қызметінде бас қосып, жоспарларын бөлісті.
— Жұмысшы мамандықтар жылы біздің қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеяларын ілгерілетуге жәрдемдесетін болады. Ақпараттық қолдаумен қамтылған іс-шаралар үш бағытта өткізіледі, — деді бұл тақырыпта ойын білдірген қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев.
Бұдан басқа, жастарға бағыт-бағдар беретін шеберлік сағаттарын өткізу жоспарланған. Сәуір айында өтетін «Мерейлі отбасы» отбасылық конкурсына қала кәсіпорындарының еңбек әулеттері қатыстырылатын болады. Ал қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күніне арналған қалалық фестиваль өткізілмек.
— Дербес бөлімдердің бәрі бірыңғай жоба аясында өздерінің салалық жоспарына сәйкес әрекет етеді. Қазіргі уақытта тапшы мамандықтар туралы мәлімет жинап, кәсіпорындармен қоян-қолтық жұмыс атқарудамыз. Тәлімгерлік институтын қалыпқа келтіру де өзекті мәселелердің бірі. Алдағы уақытта мамандықтар жәрмеңкесінен басқа, ірі кәсіпорындар өкілдерімен ай сайын ашық есік күнін өткізуді көздеп отырмыз. Кәсіпорындарға қажетті мамандарды анықтасақ, соған бағытталған кәсіби оқыту да нәтижелі болмақ, — деді брифингте Екібастұз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева.
Бөлім басшысының айтуынша, бүгінгі таңда бос жұмыс орындарынан гөрі жұмыс іздеушілер саны көбірек. Мамандықтың сәйкес келмеуі де азаматтардың қалаған жұмысқа тұруына кедергі келтіреді. Осындай келеңсіздікті болдырмау, жұмыс күшін қажетті салаға икемдеу үшін кәсіптік бағдар беру ісін дамытудың маңызы зор. Бұл мән-жағдайлар ескеріліп, алдағы уақытта жоғары және арнайы орта оқу орындары, мансап орталығы және жұмыс беруші арасында үшжақты меморамдум жасау жоспарланған.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ