Қаңтардың 31-і күні Екібастұз тау-кен техникалық колледжінде «Мамандыққа жол» атты кәсіби бағдар беру шарасы өтті. Шараға қаламыздағы №13 және №33 мектептердің 9-сынып оқушылары, колледж студенттері, әлеуметтік серіктестер мен өндірістік оқыту шеберлері қатысты.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай өткізілген шара мектеп оқушыларына еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен танысуға және болашақ кәсібін таңдауға мүмкіндік берді.

Екібастұз тау-кен техникалық колледжі 1967 жылы ашылған. Білім ордасы 8 мамандық бойынша мамандар даярлайды, атап айтқанда, пайдалы қазбаларды ашық тәсілмен өңдеу, теміржол жылжымалы құрамын пайдалану және жөндеу, пайдалы қазбалар кен орындарын барлау, электр жабдықтарын жөндеу, токарь ісі, дәнекерлеу ісі, тігін өндірісі және киім үлгілеу.
Қазіргі таңда колледжде 384 студент білім алуда, оның барлығы бюджет негізінде оқиды. Оқу орны заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған: 33 кабинет, 2 зертхана, 7 шеберхана, 2 спорзал, стадион және акт зал бар.
Колледж басшысы Талғат Ақатаевтың айтуынша, колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. 2024 жылғы түлектердің 72%-ы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан, ал қалғандары жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруда.

— Жұмысшы мамандықтары әрдайым сұранысқа ие. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Біздің әлеуметтік серіктестеріміз, соның ішінде «Проммашкомплект» компаниясы үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта біз серіктестерімізбен бірге арнайы профильді сыныптар ашуды жоспарлап отырмыз», — дейді колледж басшысы Талғат Қабдешұлы.
Шара барысында оқушыларға арнайы экскурсиялық бағдарлама ұсынылды. Олар колледждің өндірістік шеберханалары мен оқу кабинеттерін аралап, заманауи жабдықтармен және оқу процесімен танысты. Әсіресе, токарь цехы, дәнекерлеу шеберханасы және электр жабдықтарын жөндеу кабинеттері оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, колледж мұражайына экскурсия жасалып, оқу орнының жетістіктері мен түлектерінің табыстары туралы мағлұмат берілді.
Ділназ Серікбай