Қысқы спорт түрлері ішінде көпшілікке оңтайлысы — шаңғы мен коньки тебу. Ертеректе мұз айдынында конькимен зырлап, төбешіктен шаңғымен зауламаған бала сирек еді. Сол машық арада көп жылдар өтсе де еш ұмытылмайды.
8 ақпан күні қала сыртындағы «Снежинка» тау шаңғысы базасында шаңғымен жарысудан қала чемпионаты өтті. Осы чемпионатта бұрын аяғына шаңғы байлап, спорттың осы түрін серік еткендер көзге түсті.

Чемпионатқа қатысу-шыларды қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі «Снежинка» тау шаңғысы базасына автобуспен жеткізді. Мұнда алдын ала дайындық жүргізіліп, жота етегіндегі жазықта қашықтығы 2 километр шаңғы жолы жасалған екен. Жарыс күні шыңылтыр аяз болғанына қарамастан, спортшылар сергектік танытып, көтеріңкі көңіл күйде болды. Бәрі дабырласа жүріп шаңғы таңдап, жарысқа әзірлікке кірісіп кетті. Сол мезетте бой сергітіп біраз жүгіріп келген шаңғышы екі жігітті әңгімеге тарттық.
— Шаңғы тебуді бала күнімнен ұнатамын. Өзім Баянауылдың тумасымын, қазіргі уақытта «Богатырь Көмір» кәсіпорнында машинистің көмекшісі болып жұмыс істеймін. Шаңғыдан чемпионат өтетінін естіген соң қатысып, бабымды байқап көруді ұйғардым, — дейді Жәнібек Төлеу.
Қасындағы серігі Бағдат Алпыс та баянауылдық екен. Ол «KEGOC» кәсіпорнында метролог болып еңбек етеді екен.
Бой қыздыру аяқталған соң жарыстың бас төрешісі Игорь Алексеев спортшыларды сапқа түзіп, ережемен таныстырып, әуелі ерлерді, содан кейін әйелдерді жарыс жолына шығарды.
Айтпақшы, жеңімпаздар мен жүлдегерлер жас ерекшеліктеріне қарай анықталды. Жалпы, чемпионатқа 18-23, 24-34, 35-39, 40-49, 50-59, 60 және одан ересек жастағы шаңғышылар қатысты.
Негізі, шебер шаңғышы үшін 2 километрлік қашықтық түк емес. Көп ұзамай-ақ сөреге қарай зуылдаған лек те көрінді. Ерлердің арасында сөреге бірінші болып Александр Карпов жетті.
— Туып-өскен жерім — Тереңкөл ауданы. Бала күнімде шаңғы спортымен шұғылдандым. Жарысқа «Богатырь Көмір» ЖШС атынан қатысып отырмын. Сол кәсіпорында слесарь болып жұмыс істеймін. Таза ауада бой сергітіп, шаңғы тебу ғанибет емес пе, — дейді ол демін әрең басып.
Әйелдер арасында 63 жастағы Сара Прокофьева сөре сызығын алғашқы болып қиды. Жүгіру мәнерінен оның кәнігі шаңғышы екені байқалды.

— Бабымда болу үшін үнемі жаттығу жасаймын. Былтыр желтоқсан айында мүгедектер арасында шаңғыдан Қазақстан кубогы жарысына қатысып, төрт қашықтықта күміс жүлдегер болдым. Енді наурыз айында Бурабайда Қазақстан чемпионаты өтеді. Соған қатысамын, — дейді бетін аяз сорып бозарған Сара Прокофьева.
Он екі мүшесі сау жас пен жасамыс қыз-келіншектерді жолда қалдырған Сара заман-дас үйкүшік болып үйден шықпайтын кейінгі буынға нағыз үлгі боларлық жан екен.
Айтпақшы, жарыста мүмкіндігі шектеулі балалар да шаңғы теуіп көрді. Балаларының шаңғымен сырғанағанына аналары мәз болып, мейлінше қолдау танытқаны сүйсіндірді.
Чемпионат аяқталған соң, мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Тоқсанбаева спортшыларға ризашылық білдіріп, спорттан қол үзбеуге үндеді. Содан соң жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталар, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ж.Бұланбай