Қанқұйлы ХХ ғасырдағы зауалды кезеңнің бірі отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін зобалаңы екені әркімге аян. Бұл жылдарды біздер «37-нің қуғын-сүргіні» деп атағанымызбен, Сталиннің саяси терроры жиырмасыншы жылдардың аяғында-ақ басталғаны белгілі.
Атышулы қуғын-сүргін жөнінде оқып-біліп жүргенімізбен, қызыл қырғынның жалпы масштабын тану үшін жазықсыз құрбандар жатқан қорымдарды аралап, өз көзіңмен көру керек. Сонда ғана осы бір алапат қырғынның адам баласына қаншалықты қайғы-қасірет әкелгенін жан дүниеңмен түсінесің.

Айталық, сонау Сібірде, болмаса поляр шеңберінде, басқадай лагерьлерде немесе өзіміздің Алматыда жазықсыз оққа байланғандарды, арып-ашып өлгендерді есептемегенде, Мәскеудің үлкен-үлкен үш-төрт зиратында жатқан жүздеген мың адамдардың тізімін көзбен көргенде, еріксіз төбе шашың тік тұрады. Бұлардың ішінде кімдер жоқ дейсіз: ғұлама ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнер иелері, тіпті кәмелет жасқа толмаған сәбилер де бар. Бірақ не үшін, кім үшін ажал құшқандары белгісіз.

Осы жазықсыз құрбандардың ішінде Алаш жұртының болашағы үшін арман арқалап кеткен ұлтымыздың небір көшбасшылары да бар екенін білесіздер. Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ғазымбек Бірімжанов, Ораз Исаев, Зияда Әбенов, Дінмұхаммед Әділов, Әбдірахман Байділдин, т.б. Алаш зиялыларына осы қаладан топырақ бұйырған.
Біздердің бұл тақырыпты сөз етіп отырған себебіміз, жуырда Павлодар облыстық әкімдігінің қолдауымен екі адам — мен және Торайғыров университетіндегі үштұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнулина екеуіміз Мәскеу қаласына барып, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың басына зиярат етіп қайтып едік…
Мақаланың толық нұсқасын газетің 13 ақпанындағы №7 санынан оқи аласыздар.
Сайлау Байбосын, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері