Жас мамандарды жұмыспен қамтып, қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалардың саны жылдан-жылға артып келеді. Солардың бірі — «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы Екібастұз өңірінде табысты жүзеге асырылуда. 2009 жылдың 1 қаңтарынан бері іске асырылып келе жатқан бұл бірегей жоба ауылдық жерлерді білікті мамандармен қамтамасыз етуді көздейді.
Бағдарлама аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешені салаларындағы және ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері қатарындағы жас мамандар ауылдық жерлерге жұмысқа орналаса отырып, мемлекеттен қолдау алады. Басты мақсат — ауылдық аймақтардың кадр әлеуетін күшейту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру.
«Дипломмен — ауылға» бағдарламасына қатысқан жастарға бір реттік көтерме жәрдемақы төленіп, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие беріледі. Бағдарлама шарттарына сәйкес, ауылға барған жас маман кемінде үш жыл сол жерде қызмет етуі тиіс. Бұған дейін «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында берілетін несиенің ең жоғарғы мөлшері 1500 АЕК (5,5 млн теңге) болса, биылдан бастап оның сомасы 2000 АЕК-ке (7,384 млн теңге) дейін ұлғайтылды. Бағдарламаның тиімділігі жыл өткен сайын артып келеді. Білім сапасын көтеру және ауылдық жерлерде мамандар тапшылығын азайту үшін бұл бастама — ең тиімді жолдардың бірі.
Калима Төлеу аталмыш бағдарламамен Құдайкөл жалпы орта білім беру мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Алматы облысы Ақмола ауданы Көкжар ауылында туған жас маман 2018 жылы Павлодар қаласына көшіп келіп, 2022 жылы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол бір жыл бойы Қоянды ауылында қызмет еткен. 2023 жылы «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында Құдайкөл мектебіне орналасып, бір жылдың ішінде баспаналы болды.

— Дипломмен — ауылға» бағдарламасы жастарға үлкен мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама баспаналы болуға ғана емес, ауылдық мектептерге білікті жас мамандардың келуіне де оң әсерін тигізуде. Нәтижесінде білім сапасы жақсарып, ауылдық аймақтардың дамуына серпін беріп отыр. Сонымен қатар, бағдарламаны іске асыру шарттары біртіндеп жетілдірілуде — тұрғын үй бағасы қайта қаралып, жәрдемақы мөлшері артып келеді. Бағдарлама шарттарына сәйкес, үш жыл жұмыс істеу міндеттелген. Бірақ мен Құдайкөл жалпы орта білім беру мектебінде әрі қарай да еңбек етуді жоспарлап отырмын, — дейді жас маман.
Мұғалиманың айтуынша, жастар шалғай ауылдар мен аудан орталықтарына елді мекендерді дамыту мақсатында аттанады. Қазіргі уақытта білікті мамандарға деген қажеттілік жоғары. Жас мамандар үшін көгілдір отынның жетіспеушілігі, таза ауыз судың тапшылығы немесе жолдың сапасының төмендігі кедергі бола алмайды. Керісінше, олар ауылды берекенің бастауы деп санап, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін еңбектері арқылы дәлелдеп келеді.
Әр кезеңнің өз белсенді күші бар десек, қазіргі заманның алдыңғы қатарлы буыны — білімді, жан-жақты және қабілетті жастар. Олар — қоғамның қозғаушы күші әрі еліміздің болашағы. Білікті, жауапкершілігі жоғары жастар — Жаңа Қазақстанның негізгі тірегі. Патриоттық рухы биік, әлеуметтік белсенді жас мамандар ауылдардың гүлденуіне өз үлестерін қосып, қоғамға жаңа серпін, тың өзгерістер әкелетініне сенімдіміз.
Ділназ Серікбай